Зерттеу: Респонденттердің төрттен үші сайлауға қатысуға ниетті

АСТАНА. KAZINFORM – Дауыс берушілердің төрттен үші Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысуға дайын. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова айтты.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның айтуынша, ҚСЗИ шамамен бір ай бұрын жүргізген зерттеу барысында азаматтарға «Егер сайлау алдағы жексенбіде өтсе, дауыс беруге барар ма едіңіз?» деген сұрақ қойылған.

– Респонденттердің төрттен үші сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтты. Бұл қазіргі сайлау науқаны барысында саяси партиялардың қандай бағдарлама, платформа мен идеология ұсынатыны маңызды екенін көрсетеді. Дегенмен түпкілікті шешімді 23 тамызда сайлау учаскесіне келетін сайлаушы қабылдайды, – деді Айгүл Забирова.

Ол сондай-ақ зерттеу нәтижесі сайлаушының дауыс беруге келуіне отбасының әл-ауқаты мен болашаққа деген сенімі де әсер ететінін көрсеткенін айтты.

-Егер отбасы соңғы 12 айдағы тұрмысын жақсы деп бағаласа, мұндай адамдардың сайлауға қатысу ықтималдығы айтарлықтай жоғары. Сондай-ақ алдағы бір жылда тұрмысым жақсарады деп сенетін азаматтар да дауыс беруге бейім келеді,-деді ол.

Бұдан бөлек ол биыл Құрылтай сайлауында алғаш рет дауыс беру толықтай партиялық тізім бойынша өтетінін атап өтті. Айтуынша, бұл – қазақстандық сайлаушылар үшін жаңа саяси жағдай.

Еске салайық, бүгін Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) алаңында сайлауалды науқандағы жасанды интеллектінің рөлі, цифрлық технологиялардың ықпалы және фейк ақпаратпен күрес мәселелері талқыланып жатыр.