Зерттеулерді қаржыландыруда ғылым мен бизнес тығыз байланыста болуы тиіс - Айбек Дәдебай

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артты. Бұл туралы Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай айтты.

Фото: Kazinform

- Бүгін Құрылтай Жоғары аудиторлық палата Төрағасының ғылымды дамыту саласына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары туралы есебін қарады. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда», – деп атап өтті. Бұл еліміздің қазіргі даму кезеңінде айрықша маңызды. Жаңа Конституцияның елеулі жетістіктерінің бірі – білім, ғылым және инновация салаларының негізгі мемлекеттік басымдықтар ретінде арнайы бекітілуі. Ғылым енді қосалқы сала ретінде емес, елдің болашағына, экономикалық өсімі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететін стратегиялық ресурс ретінде қарастырылады. Мұны нақты цифрлар да айғақтайды. Соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру екі еседен астам артты, - деді Айбек Дәдебай Құрылтайдың жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол ғылыми зерттеулер және әзірлемелермен шұғылданатын мамандар саны үштен бірге артқанын айтты. Ғылыми қоғамдастықтың жартысына жуығын жас ғалымдар құрайды.

- Дегенмен, ғылымның практикалық қайтарымы, нәтижелілігі мен коммерциялануы мемлекет үшін өзекті күйінде қалып отыр. Аудит нәтижелері мен бүгінгі талқылау да мұны растайды. Бұл ретте, ғылым саласында белгілі бір прогрестің бар екенін көріп отырмыз. Ғылым және жоғары білім министрі бүгін қабылданып жатқан шаралар туралы толық ақпарат берді. Мемлекеттік органдар Жоғары аудит палатасы берген ұсынымдарды кезең-кезеңімен іске асыра бастады. Атап айтатын болса, ғылым саласында 3 заң, 13 нормативтік құқықтық акт қабылданды. 2025 жылы аудиторлар ескертпелерінің жартысынан астамы, сондай-ақ биыл да ұсынымдар орындалып келеді, - деді Құрылтай Төрағасы.

Осы орайда ол бүгінгі талқылауды қорытындылай келе, бірнеше маңызды жайтқа тоқталды. Біріншіден, ғылымды тиімді басқару – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы. Ғылыми саланы басқару ғылыми жобаларды сүйемелдеуге қатысты барлық процесті – ұсынымдарды дайындаудан бастап түпкілікті нәтижелерді енгізуге дейін цифрландыруды талап етеді.

- Екіншіден, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру ғылым мен бизнестің тығыз байланысына негізделуге тиіс. Ғылыми-техникалық тапсырмаларды тұжырымдау экономика мен бизнестің нақты сұраныстары мен қажеттіліктерін ескеруі керек. Осыған байланысты, бірлескен қызметтің нақты нәтижесіне бағытталған ынталандырушы тетіктерді жетілдіру қажет. Үшіншіден, ғылыми қызметтің нәтижелілігіне жүргізілген мониторинг оның адамдардың өмір сүру сапасына тигізетін әсерін бағалауға тиіс. Ғылыми әзірлеменің нақты өмірлік циклін және оның экономикаға тигізетін нақты ықпалын қадағалап отыру маңызды. Атап айтқанда, технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын ашу, өнімдерді экспорттау қамтылады. Ал мониторингтің басты критерийі ғылыми әзірлемелердің азаматтарымыздың өмірін нақты қалай жақсартатыны болуға тиіс, - деп түсіндірді Айбек Дәдебай.

Бұған дейін хабарланғандай, Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы, депутат Дархан Ахмедиев ғылымға қатысты Комитеттің тұжырымдары мен ұсыныстарына жариялады.