«Зерттеушілер «Instagram» - депрессияға, «Вконтакте» - жанжалға соқтырады деп бағалайды» - баспасөзге шолу
«Егемен Қазақстан» басылымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақтөбе өңіріне жасаған жұмыс сапарының екінші күніне қатысты репортажды ұсынып отыр.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне келген жұмыс сапарының екінші күні еліміздегі кешенді мұнай кәсіпшілігі қондырғыларын шығаруға мамандандырылған ірі кәсіпорын - «Ақтөбе мұнай қондырғылары зауыты» АҚ-та болды. Бұл зауыт елімізде сорғы штангаларын шығаратын бірден-бір ірі кәсіпорын болып табылады, еліміздің мұнай қондырғыларына деген сұранысының 86 пайызын қамтамасыз етеді және Өзбекстан мұнай компанияларына жабдықтар жеткізеді. Кәсіпорын өз өнімдерін экспортқа шығару жолдарын да қарастыруда», - делінген «Қазыналы өңірдің сенімді қадамдары» атты мақалада.
Елбасы, сондай-ақ, осы арада үлгілері қойылған «Каспий плюс» «Ақтөбе рельс арқалығы зауыты», «Светоком», «Евразметалл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өнімдерімен танысты. Бұл кәсіпорындар дағдарыс жағдайында да дамуды қамтамасыз етіп отырған өндіріс орындары болып табылады.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндай келіп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстар мен игілікті ізденістерге тоқталып өтті. Облыста жұмыссыздық деңгейі өскен жоқ. Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағалары, еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бақылауда ұсталуда, оларды оң шешудің сәтті қадамдары қалыптасуда, - деп мәлімдеді Бердібек Машбекұлы.
Аймақ басшысының айтуынша, өткен жылы облыстағы салық салынатын база 1,4 миллиард теңгеге артқан. Үстіміздегі жылы тағы да қосымша 2 миллиард теңге табу көзделуде. Бұған қоса, биыл 2,3 миллиард теңге оңтайландырылады. Соның ішінде барлық әлеуметтік нысандар газбен жылытуға, мемлекеттік мекемелер автокөліктері сығымдалған газға көшіріледі. Бұл жылына 0,5 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Ірі компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бойынша белсенді жұмыс жасалып жатыр. Мысалы, өткен жылы табиғат пайдаланушылар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына 3,1 миллиард теңге бөлген. Үстіміздегі жылы бұл көлем 4,4 миллиард теңге болады деп болжануда.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста сенаторлар билер сотының үздік дәстүрімен жымдасқан жаңа тұрпатты заң қабылдады, деп жазады «Айқын».
«Төрелік туралы» деп аталған бұл жоба бір-бірін сотқа сүйреген отандастарымызды бітістіруге, елдегі тұрақтылықты сақтауға бағытталып отыр.
Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы, Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Бектас Бекназаров оның мән-маңызын ашып көрсетті.
- «Төрелік туралы» жаңа заң еліміздегі мүліктік даулардың неғұрлым жылдам шешім табуына ықпал етеді. Қазіргі кезде сотқа келіп түсетін істердің басым көпшілігі әртүрлі мүліктік қатынастарға байланысты болып келеді. Мемлекеттік соттардағы бұл даулардың шешілуі - заңмен белгіленген процедуралардың сақталуына және соттасушы тараптардың артынша жоғарғы сатыдағы сот инстанцияларына шағымдануына орай, біразға созылып кетеді, - деді Бектас Әбдіханұлы.
«Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов «Сот реформасы туралы» атты еңбегінде: «Билер сотының басты міндеті - жеңу немесе жеңілу емес, жеңілдету» дейді. Қазақ хандығы заманында хандар мен билер қалыптастырған қазақ құқығы - ұлтымыздың ғана емес, барша көшпелі өркениеттің мәдени байлығы болып табылады», - делінген «Тұрақтылықты сақтайтын жаңа тұрпатты заң» атты материалда.
«Айқын» басылымының жазуынша, телехикая көретіндердің басым бөлігі күйзеліске ұшырайды екен.
Америкалық психологтар жүргізген сауалнамаға сенер болсақ, адамдардың көбі сүйікті телехикаясы аяқталған соң еріксіз мұңаяды екен. Бірақ жыл сайын телехикаяға қызығушылық танытатындардың саны артуда.
«Сауалнамаға назар аударсақ, респонденттердің шамамен 73% телехикаяларды үздіксіз қарау қалыпты жағдай деп санайды. Кейбіреулері бұл әуесқойлық, психикалық проблема тудырады деп есептейді. Әңгіме 2-5 сағат бойы үздіксіз телехикаяны көру мәселесі жайлы сөз болып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың 35 пайызға жуығы телехикаяларға көп уақыт бөлетіндіктерін мойындайды. Мұндай адамдар өзгелерге қарағанда көбірек зардап шеккен және күйзеліске ұшыраған», - делінген «Телехикая көргендер неге күйзеліске түседі?» атты мақалада.
«Түркістан» басылымының бүгінгі санында «Instagram» - депрессияға, «Вконтакте» - жанжалға соқтырады деп бағалайды зерттеушілер. Неге?» атты мақала жарияланды.
«Дүние жүзінде жылына шамамен 100 адам әлеуметтік желіде қалдырған хаты үшін о дүниелік болады екен. Сондай-ақ, әлеуметтік желі әлемдегі әрбір үшінші жұптың айырылысуының басты себепшісі болатын көрінеді. Ғалымдардың пайымынша, жас отбасылар көп жағдайда әлеуметтік желіде туындаған кикілжіңнің салдарынан ажырасып жататын сияқты. Зерттеу жұмыстарына сай, ғалымдар «Инстаграм» желісін депрессияға ұрындыратын желі деп атаса, «ВКонтакте» суицидке апаратын желі болып шыққан. Ал елімізде бұл желіні пайдаланатындардың басым көпшілігі - жасөспірімдер», - делінген аталмыш материалда.
- Психологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, әлеуметтік желілер, ғаламтор, жалпы ұялы телефон дегеннің балалар мен жасөспірімдерге кері әсері мол. Яғни, бала таңнан қара кешке дейін ұялы телефон мен компьютерге үңіліп, тек әлеуметтік желілерді парақтап отыратын болса, оның қоршаған ортаға деген қызығушылығы төмендейді. Адамдармен араласып, тілдесуден де қалады. Айналада болып жатқан дүниенің барлығын әлеуметтік желілерден табуға дағдыланатын болса, ол ізденісті тоқтатады. Соның әсерінен жасөспірімдердің дүниетанымына да тарыла бастайды», - дейді психолог Рахат Исақұлова.
«Экспресс К» газетінің хабарлауынша, бірнеше қазақстандық турист Оңтүстік Корея жеріне өте алмады. Сеулдың көрікті жерлерін тамашалаудың орнына, оларға әуежайдың жертөлесінде үш тәулік бойы тұруға тура келді. Кейін олар елге депортацияланды.
«Қазақстанның Сыртқы істер минитсрлігіне аталмыш оқиға белгілі», - дейді ведомство хатшысы Әнуар Жайнақов. - біздің дипломаттар корей тарапымен тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл мәселе сыртқы істер ведомствосының жіті қарауында жатыр».
Жәйсыз оқиғаға тап болған қазақстандықтардың айтуына қарағанда, олардың жолын Ресей, Сирия, Моңғолия елдерінің азаматтарымен бірге Сеул әуежайында бөгеген. Кейін көп ұзамай әуежай жертөлесіне қамап қойған. Тамақ пен суды олар өз ақшаларына алуға мәжбүр болған. Әуежайда бағалар аспандап кеткен: «Доширак» лағманы 10 доллар тұрады, кішкене ғана гамбургер де солай тұрады.
«Кез келген егемен ел шетел азаматтарының өз еліне кіруіне қатысты шешімді өздігімен қабылдауға құқылы», - деп хабарлайды Ә.Жайнақов. - Корей билігінің Қазақстан ғана емес, өзге де мемлекеттердің азаматтарына қатысты мұндай қатаңдығы, ең алдымен елдегі заңсыз жұмыс істеп жүргендердің саны күрт артуына байланысты болып отыр». Толығырақ, «Сеульские сидельцы» атты мақаладан оқи аласыздар.