Зейнеп Баянова әлемдік рейтингіде екінші орынға көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен күрес әлемі (UWW) жаңартқан әлемдік рейтингіде қазақстандық балуан Зейнеп Баянова бірден 7 сатыға жоғарылады.
Фото: ҚР ҰОК
З.Баянова 50 келі олимпиадалық салмақ дәрежесінде екінші орынға көтерілді.
Мұсабек Нарегеев жаттықтыратын батысқазақстандық спортшы Олимпиада чемпионы Юи Сусакиді де басып озып, оны үшінші сатыға ығыстырды.
Қазақстан күрес федерациясынан мәлім еткеніндей, UWW 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесіне өзгерістер енгізді. Жаңа олимпиадалық кезеңде рейтингілік турнирлер мен оларда жинаған ұпайлардың маңызы арта түспек. Себебі әлемдік рейтинг Олимпиада жолдамасын иеленудің бір тетігіне айналады.
Фото: Қазақстан күрес федерациясы
Демек, алдағы әрбір рейтингілік турнир мен әрбір жинаған ұпай Олимпиадаға барар жолда маңызды рөл атқарады.
Зейнеп Баянова биыл Жапониядағы Азия ойындары мен Астанада өткен әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зейнеп Баянованың Астанадағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған едік.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).