Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата спикері Қайрат Мәми мәлім етті. Еске салсақ, Сенат жалпы отырыста «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.
«Заң жобасының қажетті, маңызды жақтары болғанымен, негізгі ерекшелігі еліміздегі әйел азаматшаларының зейнеткерлік жасын көтеруге қатысты болып отыр. Қоғамдағы, Парламенттегі талқылаулардың барлығы дерлік осы мәселеге ауысып кеткен тәрізді. Сондықтан да, тағы айта кететін жайт, әйелдердің зейнет жасын көтеру қаралғанымен, оны барынша жұмсақ ету шаралары да көзделген. Бұл шара он жыл ішінде кезең-кезеңімен жүзеге асатыны да қамтылып отыр. Екіншіден, мұндағы басты өзгерістер 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі болмаған азаматшаларды болашақта толыққанды зейнетақымен көздейтінін заңды әзірлеуші лауазымды азаматтар да айтып отыр. Осыны ескере отырып, барлық комитеттер заң жобасын тұжырымдамалық түрде қолдады, дауыс беру нәтижесі де соны көрсетеді», - деді спикер. Сонымен қатар, төраға заң жобасында зиянды және ауыр еңбек жағдайында жұмыс істейтін әйелдердің 50 жаста да зейнеткерлікке шыға алатынын айта келе, бұндай жағдайда олардың зейнетақы жарнасын ертерек толықтыру тетіктері де қаралғанын жеткізді. Бұдан бөлек, зейнеткерлік жасқа ертерек шыға алатын жолдарды қалың жұртшылыққа көбірек айту қажеттілігіне тоқталып өтті.
«Біз заң жобасын талқылау барысында тек қана құжаттың «ауырлау» тиетін тұсына ауып кеткен тәріздіміз. Сондықтан да, сенаторлар алдағы екінші оқылымда жан-жақтылыққа барынша көңіл бөлуі керек. Осы мәселелерді барынша қарастырған ләзім», - деді Қ. Мәми.
Заң жобасында қамтылған басты мәселенің бірі - әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру. Бұл ретте заң жобасында қамтылғандай 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделеді. Мұндай жағдайларда зейнеткерлік жасты бірдейлендіру әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ұлғайту және зейнетақы жинақтарының көлемін арттыру үшін ұсынылып отыр. Бұл тиісінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын зейнетақының мөлшерін арттыруға септігін тигізуі тиіс.