Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басында Қазақстанда осы тетік аясында рәсімделген келісімшарт саны 164 294-ке жеткен. Ал сақтандыру компанияларына аударылған қаражаттың жалпы көлемі 1 трлн 168 млрд теңге болған.
Зейнетақы аннуитеті деген...
Бұл да - өмірді сақтандыру құралдарының бірі. Ресми зейнетке шығудан айырмашылығы төлемнің өмір бойы берілетінінде. Ал 1998 жылға дейін жұмыс істеп үлгермеген салымшылардың БЖЗҚ-ға жинаған ақшасы біткенде тек базалық зейнетақы ғана өмір бойы төленеді, ынтымақты зейнетақы оларға мүлдем қарастырылмаған.
Зейнетақы аннуитеті Қазақстанда 2003 жылдан бері бар. Кейін оның талаптары бірнеше рет өзгеріп, жаңа нұсқалары пайда болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 2026 жылдың басында қолданыстағы шарттар саны 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі шамамен 3,5 есе өскен. Оның ішінде алдын ала рәсімделген 53 826 шарт бар, олар бойынша аударылған сақтандыру сыйлықақы көлемі – 429,4 млрд теңге. Ал ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстар арасында жасалатын бірлескен аннуитеттер саны 275-ке жетіп, жалпы сомасы 5,6 млрд теңге болған.
Бұл деректер кейінгі бес жылда аннуитет нарығының ұлғайғанын көрсетеді. 2026 жылғы 1 ақпанда Қазақстанның сақтандыру секторында 25 сақтандыру ұйымы болған. Соның арасында зейнетақы аннуитетін ұсынатын ресми сегіз компания бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарасақ, бұл компаниялар сегіз айда зейнетақы аннуитеті бойынша 81,5 млрд теңге сақтандыру төлемін төлеген.
Зейнетке ерте шығу не береді?
Зейнетақы жинағын пайдаланудың бірнеше жолы бар. Зейнетақы аннуитеті кезінде азамат жеткілікті жинағын өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Компания келісімшарт бойынша ай сайын сақтандыру төлемдерін беріп отырады. Мұндағы басты ерекшелік төлемнің өмір бойы жалғасатынында. Бірақ бұл - аннуитет рәсімдеу арқылы бүкіл соманы бір жолда қолға алуға болады деген сөз емес. Жинақ иесі ақшасын сақтандыру компаниясына сақтандыру сыйлықақысы ретінде береді. Сондықтан шешім қабылдар алдында төлем мөлшерін, индекстеу пайызын, кепілдік кезеңін және шартты өзгерту тәртібін мұқият салыстыру қажет.
Заң бойынша аннуитетті кімдер рәсімдей алады?
Зейнетақы аннуитетін рәсімдеу тәртібі Әлеуметтік кодекстің 227-бабы арқылы реттеледі. Аннуитет шартын жасау үшін екі негізгі талап бар: азамат белгіленген жасқа жетуі және оның зейнетақы жинағы қажетті мөлшерден кем болмауы керек.
Қажетті жинақтың мөлшері барлық адамға бірдей емес. Ол азаматтың жасына, жынысына және болашақ төлем параметрлеріне байланысты есептеледі.
2026 жылы төлемді бірден бастауға мүмкіндік беретін аннуитеттің жас шектері мынадай:
- Ерлер – 55 жастан бастап
- Әйелдер – 53 жастан бастап
- Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде 60 ай төленген азаматтар 50 жастан бастап, егер қажетті жинағы жеткілікті болса.
Кейінге қалдырылған аннуитет деген түрі және бар. Оны азаматтар 45 жастан бастап рәсімдей алады. Ал кемінде 60 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасын аударған болса, бұл құқық 40 жастан басталады. Аннуитет төленетін жас бірден емес, шартта белгіленген мерзімнен басталады.
2026 жылы аннуитет рәсімдеуге қажетті ең төменгі жинақ сомалары мынандай:
Бұл сомалар 2026 жылғы талаптарға сәйкес аннуитет шартын жасауға қажетті ең төменгі жинақты көрсетеді. Олар ай сайын 35,6 мың теңге төлем алып бастайды. Нақты төлем мөлшеріне сәйкес келетін жинақты сақтандыру компаниясы жеке есептейді.
Әлеуметтік кодекстің 227-бабы аннуитет шарты тараптарының құқықтары мен міндеттерін де белгілейді. Азамат сақтандыру компаниясы жүргізген төлем мөлшерінің есебімен танысуға құқылы. Сондықтан шарт жасамас бұрын бірнеше компаниядан есеп алып, төлем көлемін және келісімшарттың өзге талаптарын салыстыруға болады.
Аннуитет төлемдері жыл сайын индекстеледі. 2026 жылы қолданыстағы талап бойынша индекстеу мөлшері кемінде 8% болу керек. Нақты төлем мөлшері мен оны арттыру тәртібі шартта көрсетіледі. Қарапайым арифметикамен алсақ, былай: Биыл қараша айында 56-ға толатын ер адамның БЖЗҚ шотында 10,8 млн теңге болса, аннуитет рәсімдеп, ай сайын 36-37 мың теңге көлемінде тұрақты төлемін ала бастауына болады. Бұл сома жыл сайын кемінде 8 пайызға индекстеле келіп, 2047 жылдың қаңтарында (20 жылдан кейін) 147 мың теңгеге дейін өседі. Бірақ мұны өсім ретінде емес, инфляцияға ілесу талпынысы деп қараған дұрыс. Егер инфляция Ұлттық банктің ырқына көніп, жылдық өсімі 5 пайызбен шектелсе, нақты өсім 2,5-3 пайыз болады деген сөз. Ал қазіргі 9-10 пайыздың көлемінде сақталса, индекстелген ақшаның өзін инфляция жеп отырады. Басқаша айтсақ, 20 жылдан кейінгі 147 мың теңгеге қазіргі 36 мың теңгеге алатын азық-түлік те тимеуі мүмкін.
Сонымен қатар келісімшартта кепілдік кезеңін қарастыруға болады. Егер сақтандырылған адам кепілде көрсетілген мерзім аяқталғанға дейін қайтыс болса, төлемдер шартта белгіленген тәртіппен алушыға немесе заңды мұрагерлеріне берілуі мүмкін. Бұл - БЖЗҚ-дағы жинақтың қалған бөлігін мұраға қалдыру деген сөз. Аннуитет рәсімдеген кезде келісімшартқа кепілдік кезеңін кіргізбесе, салымшы аяқ астынан қайтыс болған жағдайда ақша сақтандыру компаниясының есебіне аударылып, заңды мұрагерлер оған таласа алмайды.
Айына 200 мың теңге алу үшін қанша жинақ керек?
2026 жылы зейнетақы аннуитеті бойынша ай сайынғы ең төменгі төлем – 35 596 теңге. Бұл сома ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең. Бірлескен аннуитет бойынша ең төменгі төлем талабы өзгеше есептеледі.
Ал ең жоғары айлық төлемнің барлығына ортақ бірыңғай шегі жоқ. Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 76 жас деп есептеледі. Осыған байланысты аннуитет қызметін ұсынатын сақтандыру компанияларының көбі келісімшартқа енгізетін кепілдік кезеңін де осы 20 жылдың айналасынан асырмайды. Өйткені аннуитет иесі қайтыс болған жағдайда заңды мұрагерлеріне берілетін төлемнің мерзімі неғұрлым ұзақ болса, сақтандыру компанияларына бұл соғұрлым тиімсіз.
Ресми мәлімет бойынша, тамыз айында Қазақстандағы орташа зейнетақы мөлшері 197 446 теңге болды. Осы соманы дөңгелектеп алып, келесі айда 56-ға толатын аннуитет рәсімдеуші ай сайын 200 мың теңгеден төлем алып бастауы үшін жинағында қанша ақша болу керектігін есептеп көруге болады. Ол үшін БЖЗҚ ресми сайтындағы және аннуитет қызметін ұсынатын сақтандыру компанияларының сайтындағы арнайы калькуляторларды пайдаланамыз. Сонымен, 60 ай көлемінде міндетті кәсіптік жарнасын төлеген 56 жастағы салымшы анниутет арқылы 200 мың теңге алып бастау үшін БЖЗҚ шотында немесе қолында кемі 61 млн теңгеден 70 млн теңгеге дейін ақша болу керек. Ай сайынғы 200 мың теңге жыл сайын кемінде 8 пайызға индекстеледі. Демек, 2047 жылға қарай ай сайын алатын ақшасы сақтандыру шарттарына байланысты 350 мың теңге мен 900 мың теңге арлығында өсуі мүмкін. Бұл соманың келешекте күнкөріске қаншалықты жеткілікті болатыны инфляция қарқынына байланысты. Бейресми есептеулерге сенсек, теңгенің сатып алу қабілеті әр 6-7 жыл сайын 50 пайыз кемиді, яғни бүгінгі 1 млн теңгеге 6-7 жылдан кейін қазір 500 мың теңгеге алатын тауарды ғана аласыз деген сөз.
Бірақ бұл – тек пропорционалды есеп, сақтандыру компаниясының ресми ұсынысы емес. Аннуитет бойынша төлемді есептеу қарапайым арифметикаға ғана сүйенбейді: адамның жасы, жынысы, болашақ төлемдердің ұзақтығы, индекстеу және кепілдік кезеңі ескеріледі. Сондықтан салымшы өзі көздеген соманы алу үшін нақты қанша жинақ қажет екенін тек сақтандыру компаниясының өзіне ұсынатын жеке есебі арқылы анықтау керек.
Бұл мысалды келтірудегі айтпағымыз, аннуитетке шығуды көздеген азамат бірнеше сақтандыру компаниясынан ұсыныс сұрап, олардың бастапқы төлемдерін, жыл сайынғы индекстеу тәртібін және кепілдік кезеңін салыстыру керек. Сондай-ақ аннуитет бойынша төлемді БЖЗҚ-дан болжамды түрде алатын зейнетақымен салыстырған жөн.