Абай облыстық полициясы баспасөз қызметінің мәліметінше, зейнеткер әр тапсырыстан орта есеппен 15-25 мың теңге көлемінде ақша алып отырған.
Тінту кезінде тәртіп сақшылары қолма-қол ақша мен басқа да заттай айғақтарды тәркіледі. Жеңгетайлықпен айналысқан зейнеткер 9 жезөкшеге клиент тауып беріп отырған. Оның үшеуі қазақстандық, алтауы – Өзбекстан азаматы.
«Айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабының 1-бөлігі «Жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді», - делінген Абай облыстық полициясы баспасөз қызметі ұсынған мәліметте.
Зейнеткер шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылды, пробациялық бақылау орнатылды. Сынақ мерзімі бұзылған жағдайда сот шартты жазаның күшін жойып, оны нақты жазамен ауыстыруы мүмкін.