Зейнетақы қорынан инфрақұрылымдық нысандарға 1,5 трлн теңге неге бөлінеді – министр жауабы

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев зейнетақы қаражатынан инфрақұрылымдық нысандарға неге 1,5 трлн теңге бөлінетінін және неге республикалық бюджет қаржысын пайдалануға болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

Фото:freepik.com

«Зейнетақы қорынан ақша жұмсалмайды, инвестицияланады. Бізде мемлекеттік бағалы қағаздарға, квазимемлекеттік сектордың бағалы қағаздарына, басқа да құралдарға 17 трлн теңгеден астам инвестиция салынады. Оның шамамен 30%-ы шетелде инвестицияланады. Ұлттық банкпен және "Бәйтерек" холдингімен бірге талқыланып жатқан ұсыныс осы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін экономиканы дамыту үшін синергетикалық эффект әкелетін жақсы ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттау болып отыр. Осы жобалардан жұмыс орындары құрылып, салық төленеді және жоба толығымен өзін ақтайды», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкміет үйінде өткен брифингте.

Премьер-Министрдің орынбасары қазақстандықтардың жинақтары сақталатынын, оған мемлекет кепілдік беретінін айтты.

«Премьер-Министр мемлекеттің кепілдік беретінін айтты, тіпті форс-мажор немесе жоба сәтсіздікке ұшыраса, мемлекет бәрібір сіз бен біздің жинақтарымызға кепілдік береді. Біз бұл ақша үшін алаңдамауымыз керек. Міндеттердің бірі – экономикаға инвестиция салу. БЖЗҚ қаражаты ұзақ мерзімді жинақтауды білдіретіндіктен, біз бұл ақшаны экономикаға жақсы жобаларды несиелеу үшін дұрыс пайдалануымыз керек», - деп түсіндірді Ерұлан Жамаубаев.