- БЖЗҚ жинағының жеткіліктілік межесі көтерілетінін нақты айта аламын. Қазір тиісті есептеулерді жүргізіп жатырмыз. Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен консультациялар жалғасады. Дәл қазір оның межесі қай деңгейге көтерілетінін нақтылай алмаймын. Сондықтан түбегейлі шешім қабылданған кезде, міндетті түрде БАҚ арқылы жариялаймыз. Бұл қадамдар не үшін жасалып жатқанын білесіздер. Біздің міндетіміз – азаматтарымызды қартайған шағында лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, - деді Тұяқбаев Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда вице-министр мамыр айының аяғына қарай қабылданған шешім жарияланатынын айта келе, бұл жаңа талап биыл күшіне енуі мүмкін екенін жеткізді.
Еске салсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев БЖЗҚ жинағының жеткіліктілік межесі қаншаға көтерілетіні мамыр айында белгілі болатынын айтты.
Айта кету керек, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қордағы жинақтан қаражат алу шегінің тәсілдерін қатаңдату қажеттігін айтқан болатын.