Зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тоқтатыла ма

Фото: Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігін тоқтау туралы ұсыныстарға жауап берді.

— Бұл бағыт — заңмен белгілінген, рұқсат берілген бағыт. Сондықтан қазір оны тоқтату немесе қайта қарау мәселесі күн тәртібінде жоқ. Әр азамат өзі шешім қабылдайды. Бүгінгі таңда оны азаматтар түсініп келе жатыр. Елдің бәрі қолданып қойған жоқ. Қолданбаған да азаматтар бар. Ол кісілер — болашақ зейнетақысын жоспарлап отырған азаматтарымыз. Егер де қолданған азаматтар қосымша төлемдерін ұлғайтып, болашақ зейнетақыларын жоспарлап жатыр. Төменгі шекті өзгерту мәселесі де қарастырылып жатқан жоқ, — деді ол Ұлттық банкте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында. 

Ал Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов бүгінге дейін мерзімінен бұрын алынған БЖЗҚ ақшасының көлемін атады.

— БЖЗҚ салымшылары 4,6 трлн теңгені мерзімінен бұрын алды. Оның 84 пайызы баспана мәселесін жақсартуға пайдаланылған, — деді ол.

Бұған дейін БЖЗҚ-дағы шекті мөлшерден артық қаражатын алған азаматтар салықтан босатылатыны айтылған еді.