Зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегі қашан өзгереді

Фото: gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесіне өзгерістер енгізуге қатысты түсінік берді.

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында зейнетақы қорындағы қаражатты мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін жеткіліктік шегі қаншалықты өзгеруі мүмкін екені сұралды. «Бұл тәртіп зейнетақы жүйесінен қаражат алуды қиындатып жібермей ме?» деп сұрады тілшілер.

- Осы айдан бастап бұл сұрақты күн тәртібіне енгіздік. Жалпы, осы жеткіліктік шегін көтеру жөніндегі ұсынысты жасадық. Бұл тұрғыда біраз талқылау болды, яғни инфляция деңгейінде 10 пайызға көтеруге қатысты пікір болды. Қазір ол әдістемеге тиісті өзгеріс енгізу үшін ұсыныстарды өкілетті органдарға жолдадық. Өз кезегінде олар өздерінің ұсыныстарын да жариялайды. Осының бәрін жинақтап, пысықтаймыз. Сондықтан келер айдың аяғына дейін өзгеріс енгізу жоспарын белгіледік, - деді А.Ертаев.

Оның айтуынша, бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – әр адамның зейнетке шыққан кездегі табысын көтеру.

- Кейінгі 5 жылға талдау жасадық. Ел халқы 5 трлн теңгені зейнетақы қорынан шешіп алды. Ал егер тағы 5 жылда осыншама қаражатты алса, зейнетақы қоры дұрыс жұмыс істей алмайды, қаражат жинақталмайды. Сондықтан адамдар өзінің болашағын ойлауы керек, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегі қайта қаралатыны мәлім болды.