Оның айтуынша, Қазақстандағы коммерциялық тұрғын үй бағасын мемлекет реттемейді. Ал елімізде коммерциялық тұрғын үйдің бір шаршы метрінің орташа құны — шамамен 617 мың теңге.
— Әлеуметтік тұрғын үй бағасына келсек, мемлекеттің ұстанымы айқын — біз бағаны бақылауда ұстаймыз, ол қымбаттамайды, — деді Ерсайын Нағаспаев Үкіметтегі брифинг барысында.
Министр жылжымайтын мүлік бағасы мемлекеттің араласуынсыз, сұраныс пен ұсынысқа байланысты қалыптасатынын түсіндірді.
— Бағаның өсуі немесе төмендеуі жөнінде болжам жасағым келмейді, алайда қазір оған негіз болатын себептер жоқ. Жылдың алғашқы айларында тұрғын үй нарығындағы белсенділіктің төмендегенін байқасақ, жаз мезгілінде, әдетте, тұрғын үйге сұраныс артады, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Министр журналистердің «Жеткіліктілік шегінің көтерілуі тұрғын үй нарығында баға қалыптастыруға әсер етті ме?» деген сұрағына «Жоқ» деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін «Ұмай» әйелдер ипотекасы тамыз айында қайта іске қосылатынын жазғанбыз.