ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметінің хбарлауынша, кездесу Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмаларын орындау аясында ұйымдастырылды.
Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов, сондай-ақ қаржы секторының сарапшылары Болат Жәмішев пен Елена Бахмутова қатысты.
Зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, оның ұзақ мерзімді теңгерімділігін қамтамасыз ету және төлемдердің лайықты деңгейін сақтау жөніндегі тапсырмаларды орындау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Кездесуде азаматтардың зейнетақы құқықтарын нығайтуға, халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге және еңбек қызметі кезеңінде зейнетақы жинақтарын молайтуға мүмкіндік беретін тәсілдер қарастырылды.
Талқылау барысында азаматтың болашақ зейнетақысын қалыптастыру кезінде оның барлық құрамдас бөлігін, атап айтқанда, мемлекеттік төлемдер мен еңбек қызметі кезеңінде жинақталатын қаражатты ескеру мәселесіне ерекше назар аударылды. Қызметкер мен жұмыс берушінің тұрақты жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын арттыруға және халықты зейнетақы жүйесімен қамтуды кеңейтуге ықпал ететін тетіктер қарастырылып жатыр.
Ұсыныстар әзірлеу кезінде зейнетақы жүйесінің дамуына ұзақ мерзімді перспективада әсер ететін негізгі факторлар ескеріледі. Олардың қатарында демографиялық өзгерістер, өмір сүру ұзақтығының артуы, еңбек нарығындағы өзгерістер және халықаралық тәжірибе бар. Мұндай тәсіл зейнетақы жүйесінің даму барысын бүгінгі көрсеткіштер тұрғысынан ғана емес, болашақ ұрпақтың қажеттіліктерін ескере отырып бағалауға мүмкіндік береді.
Жұмыстың жеке бағыты актуарлық есептеулер мен болжамды бағалауға арналған. Бұл есептеулер ұсынылып отырған шешімдердің болашақ зейнетақы төлемдерінің деңгейіне, азаматтардың зейнетақы құқықтарына және жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығына ықтимал әсерін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов қатысушыларды құттықтап, Қазақстанның қолданыстағы зейнетақы жүйесінің негізгі қағидаттары мен зейнетақы жинақтарын қалыптастыру тәсілдерін таныстырды.
-Бүгінде зейнетақы жүйесін одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін жан-жақты бағалау үшін сарапшылардың білімі мен практикалық тәжірибесін біріктіру маңызды. БЖЗҚ мемлекеттік органдармен және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға дайын, – деп атап өтті Жанат Құрманов.
-Біздің міндетіміз – зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтардың болашақта лайықты зейнетақымен қамтылуына мүмкіндік беретін тәсілдерді әзірлеу. Сондықтан ұсынылатын әрбір шешім қазіргі және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, жан-жақты бағалануы тиіс, – деді Асқарбек Ертаев.
Зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмыстары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және сарапшылар қауымдастығының бірлесуімен жалғасады.
Жұмыс қорытындысы бойынша азаматтардың зейнетақы құқықтарын нығайтуға, жүйенің тұрақтылығын арттыруға және еңбек қызметінің бүкіл кезеңінде жеткілікті зейнетақымен қамтылуына жағдай жасауға бағытталған теңгерімді ұсыныстар әзірленеді.
Осыған дейін Қазақстанда зейнетақы аннуитеті бойынша төлемдер 81,5 млрд теңгеге жеткені туралы жаздық.