Зейнетақы активтерінің айлық табыс деңгейі 1 пайызға жетпейді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биылғы қаңтар айында БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтері бойынша табыс деңгейі 0,44 пайызды құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айқанда, 2023 жылғы қаңтарда инфляция 1,1 пайызға жетті.

Осы орайда қаңтар айында табыс көлемі инфляциядан аздау болды.

2023 жылғы 1 қаңтарға зейнетақы активтерінің жалпы көлемі шамамен 14,7 трлн теңге болды.

«2022 жылдың 12 айындағы жалпы табыс оң сипатқа ие. Инвестициялық қызметтің нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кірістің мөлшері жыл басынан бері 914,1 млрд теңгеге жетті. Бұл кезең ішінде зейнетақы активтерінің кіріс көлемі – 6,55%. ҚР ҰБ зейнетақы активтерін басқарған 2014 жылдан бастап 2022 жылғы желтоқсанға дейін жинақталған инвестициялық табыс 6,9 трлн теңге болды», - делінген БЖЗҚ мәліметінде.

Еске салсақ, 2022 жылы зейнетақы активтерінің кіріс көлемі 6,55 пайызға жетсе, инфляция 20,3 пайызды құрады.