Зейнетақы қорынан алынған қаражат пайдаланылмаса 45 күн ішінде кері қайтарылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Зейнетақы қорынан алынған қаражат 45 күннің ішінде мақсатты түрде жұмсалмаса ол толық көлемде азаматтың БЖЗҚ-дағы қорына кері қайтарылады. Бұл туралы «Отбасы банкі» басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Facebook-де өткен тікелей эфир барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер зейнетақы қорынан аударылған ақша 45 күннің ішінде үй алуға пайдаланылмаса, онда қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады. Яғни бұл тұрғыда нақты шектеу қойылған. Егер ақша алынғаннан кейін 45 күннің ішінде қолданылмаса, ақшаның нақты мақсатты бағытқа пайдаланылғанын растайтын құжатты көрмесек, онда ол қаражат БЖЗҚ-дағы өз жинағыңызға толық көлемде қайтарылады», - деді Ләззат Ибрагимова.

Еске салсақ, 2 қаңтарда ҚР Президенті зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағын баспанаға жұмсауға арналған онлайн-платформа іске қосылады. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.