«Ардагерлер алқасының төрағасы болғаннан кейін бізді қуантып тұрған мәселені айтайын, ол - зейнетақының екі кезеңде 20 пайызға көтерілетіні. Содан кейін, бала тууына байланысты төленетін бір реттік жөргекпұлдың да өсетіні халықты қуантты», -деді Ермек Келемсейіт.
Сонымен қатар, ол өз сөзінде Елбасы Жолдауындағы 5 бағыт бойынша аймақта алға міндеттер қойылып отырғанын айтты.
«Жолдауда 5 бағыт бойынша көптеген ұсыныстар енгізіліп отыр, оның барлығын біз қолдаймыз. Бүгін облыста Жолдауға байланысты талқылау өтті. Аймақ әкімі Амандық Баталов өлкеде шешілуі керек мәселелерге кеңінен тоқталды. Соның ішінде, денсаулық сақтау мәселесінде Қоғамдық кеңесте көтерілетін көптеген сұрақтар бар еді. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек бағаларының қымбаттап жатқаны. 120 түрлі дәрі-дәрмек бағасына облысымызда меморандум арқылы шектеу болатын. Елбасының Жолдауында осы мәселені заңнама тұрғысында қолға алу тапсырылған. Бұл да халықтың көкейінен шығады»,- деді Алматы облысы Ардагерлер алқасының төрағасы.
Ермек Келемсейіт жақында жарияланған Елбасы Үндеуінен кейін атқарылатын реформаға байланысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылау күшейтілуі мүмкін екенін жеткізді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында алдағы 15 жылда 1,5 млн халықты баспанамен қамтамасыз ету туралы айтылды. Бұл да халықтың көңілінен шығып жатыр. Жақында Елбасы биліктің өкілетті тармақтарын заң шығарушы және атқарушы органдарға бөліп беру мәселесін айтты, осыдан кейін бағдарламалардың орындалуына бақылау күшейтіледі деп ойлаймын», - деді Алматы облыстық Ардагерлер алқасының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, Қоғамдық кеңес мүшесі Ермек Келемсейіт.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына Жолдауы жарияланды.