Зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға алатын компаниялар неше пайыз комиссия ұстайды
БЖЗҚ-ның редакция сауалына жолдаған жауабында зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға алатын компаниялар салымшыдан комиссиялық сыйақы алуға хақылы екені айтылған.
«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, инвестициялық портфельді басқарушы өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. Инвестициялық портфельді басқару сыйақысының шекті мөлшері алынған инвестициялық табыстың 7,5% -ынан аспауы керек. Комиссиялық сыйақының нақты мөлшерін жыл сайын инвестициялық портфель басқарушыларын бақылаушы орган бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгертіледі», - делінген БЖЗҚ жауабында.
Қордың мәліметі бойынша, зейнетақы жинағын инвестициялық портфель ретінде басқаруға рұқсаты бар компаниялардың тізімі, олардың инвестициялық декларациялары мен комиссиялық сыйақы туралы ақпарат enpf.kz сайтының «қызметтер» бөлімінде орналасқан.
Осылайша, мемлекет салымшыларға зейнетақы жинағын инвестициялық портфель ретінде басқаратын компанияның қызметіне жүгіну мүмкіндігі беріп отыр. Бұл компаниялар салымшыларға әр түрлі тәуекел мен кірістілігі бар инвестициялық стратегиялар ұсынатын болады.