Әсіресе, қазақстандық әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестіру мәселесі қоғам назарына бірден іліккенін ел әлі ұмыта қойған жоқ. Дегенмен, нәзік жандылардың зейнетке 63 жаста шығуы жаңа заңда қолдау тауып, қазіргі таңда бұл «талқылауға жатпайтын» тақырыпқа айналды. Ал, біздің бүгінгі тақырыбымызға зейнетақы жүйесіне биылғы жылы енген жаңалықтар арқау болып отыр.
Ағымдағы жылдың маусым айында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасын бекітіп, арнайы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат «Қазақстан-2050» Стратегиясын басшылыққа алып дайындалғанын ескерсек, кейінгі жылдары орын алған зейнетақы жүйесіндегі реформа Қазақстанның саяси бағытта тағы бір маңызы қадам жасағанын білдірсе керек. Құзырлы орындар Тұжырымдаманы дайындауда еліміздің зейнетақы жүйесіндегі ұзақ жылғы тәжірбиесі ескеріліп, әлемдік зейнетақы саласының даму тенденциялары сараланып, бағаланған тілге тиек етуде. Әлемдік тәжірбиені жіті зерттеген мамандар халықты зейнетақымен қамтудың көпдеңгейлі үлгісі тиімді екендігін байқап, Қазақстан үшін осы жолды таңдаған. Яғни, таңдалып алынған көпдеңгейлі модел елдегі қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, зейнетақыны жинақтауға және оны бөлуге де қолайлы болады деген үміт зор. Сондай-ақ, аталған үлгінің тәуекелдігі де төмен көрінеді. Зейнетақы жүйесін жетілдіру мақсатында дайындалған Тұжырымдаманың басты мақсаты қаржылық тұрақтылық пен зейнетақы жүйесінің ашықтығын сақтау, халықты кеңінен зейнетақымен қамтамасыз ету, зейнет жасындағылардың кіріс көздерін әртараптандыру және зейнетақы қызметінің сапасы мен қол жетімділігін қамтамасыз ету екендігін ескерсек, еліміздің зейнетақы жүйесінде түбегейлі өзгерістер болатыны анық. Мысалы, 2030 жылы елімізде зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысушы халықтың үлесі 80 пайызға дейін артады деп күтілуде. Әрине, Тұжырымдама ұзақмерзімге арналғандықтан, көзделген мақсаттар кезең-кезеңмен жүзеге асатыны айтпаса да түсінікті. Дәлірек айтқанда, негізгі өзгерістер 2017 жылдан бастап іске аса бастайды. Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова БАҚ өкілдерінің басын қосып, зейнетақы жүйесіндегі тағы бір тың жаңалықпен бөлісті. Бұйырса, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап зейнетақы төлеудің жаңа жүйесі қолданысқа енбекші. Нақтырақ айтқанда, базалық зейнетақы тағайындау тәртібін және шарттары өзгереді. Бүгінгі таңда базалық зейнетақы зейнетке шығатын азаматтардың барлығына еңбек өтіліне және алдын алған жалақысының көлеміне қарамастан біркелкі мөлшерде тағайындалады. Ал, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа тәртібі енгізіліп, базалық зейнетақы қазақстандықтарға жалпыға бірдей белгіленген зейнетақы жасына жеткен кезде ғана және оның көлемі азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты есептеліп, тағайындалады екен. Сондай-ақ, 1998 жылға дейінгі зейнетақы жинақтарына қатысушы азаматтар және 1998 жылдан кейінгі зейнетақы салымшыларының жағдайлары да ескерілетін болады. Мысалы, тек зейнетақы жинақтау жүйесіне қатысушылар және шартты-жинақтаушылар зейнет жасына жеткен (2030 жылдан) кезде базалық зейнетақыдан кепілдендірілген ең төменгі зейнетақы тағайындауға ауыстырылады. Айта кету керек, бұл тек зейнетке шыққан азаматтың зейнетақы мөлшері белгіленген күнкөріс денгейінен төмен болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Бір сөзбен айтқанда, базалық зейнетақыны есептеу мен тағайындаудың жаңа жүйесі азаматтардың жалпы жинақталған еңбек өтіліне немесе олардың зейнетақы жинағына неше жыл қатысқандағымен тығыз байланысты болмақ. Алайда, «еңбек өтілі жоқ азаматтардың зейнетке шығу мәселесі қалай шешіледі» деген сауалға келсек, жаңа есептеу жүйесі елімізде мұндай азаматтардың бар екендігін ескеріп, оларға әлеуметтік зейнетақы тағайындау қажет деп тапқан. Ал, «мұндай зейнетақының көлемі қандай болады» деген сауал қызықтырған азаматтар келешекте белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызын қанағат етулеріне тура келеді. Сондай-ақ, зейнетақы жүйесінде 20 жыл еңбек өтілі бар азаматтар төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын базалық зейнетақы есебінде алса, 35 жыл еңбек еткендердің базалық зейнетақысы ең төменгі күнкөріс деңгейімен тең тағайындалады деп күтілуде.