Зейнетақыны жаңғырту жұмысын 2014 жылдан кешіктірмеген абзал - Қ. Келімбетов

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанда қалыптасқан жағдайға байланысты зейнетақыны жаңғырту жұмыстарын 2014 жылдан кешіктірмеген абзал.

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын талқылау барысында Үкімет басшысының орынбасары Қайрат Келімбетов мәлім етті.

«Зейнетақыны жаңғыртуға бағытталған заң жобасымен жұмыс тобы соңғы 12 ай бойы айналысып келеді, онда актуари есептеулері жүзеге асты, басқа да көптеген қажетті кеңестер алынды. Менің ойымша, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастауды жоспарлаған біз үшін өтпелі кезең аса қажетті. Екіншіден, бұған қоғамның белгілі бір реакциясы болуы заңдылық. Өйткені, заңдағы жаңалықтың өзі бір жағынан қазақстандықтардың басым бөлігіне қатысты болса, екінші жағынан бүкіл әлем дәл осындай үдерістерді басынан өткеріп жатыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары. Оның айтуынша, ТМД арасында бюджет мәселесі Қазақстанға қарағанда айтарлықтай күрделі болғанына қарамастан Украина да осындай қадамға бел буып отыр.

«Біздің ойымызша, Қазақстандағы зейнетақы жүйесіне қалыптасқан жағдайды ескере отырып, жүйені жаңғыртудың мұндай түзетулерін ең жақын уақытта, дәлірек айтқанда 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізгеніміз абзал», - деді вице-премьер.