Бүгін Парламент Сенатында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын талқылау барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов осылай мәлім етті.
Депутаттардың сауалына жауап беру барысында министр Конституциялық Кеңеске жүгіну регламентін еске сала келе, заң жобасын Парламентке ұсынбас бұрын барлық мемлекеттік органдармен келісілгенін атап өтті. «Осы жұмыстар барысында біз заң жобасының ешқандайда Конституцияға да, басқа да заң нормаларына қайшылығын анықтаған емеспіз», деді С. Әбденов.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы заңның кері күші болмайтынын, оның бүгінгі зейнеткерлерден гөрі келешек зейнеткерлерге бағытталатынын айтты. «Жалпы заң жобасы арқылы біз әйелдердің зейнет жасын ұлғайту бойынша бюджет қаражатын үнемдейік деген мақсатты көздеп отырған жоқпыз. Біз жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіріп, осы жүйенің қоғам үшін нәтиже беруін, әрбір қазақстандықтың лайықты зейнеткерлігін қамтуды көздеп отырмыз», деді С. Әбденов.