Зейнетке дейінгі үш жыл: «Болашақ» бойынша тағылымдама шектеуі кімдерге арналған
АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәжілістегі баспасөз мәслихатында «Болашақ» бағдарламасының жас шектеулері туралы түсініктеме берді.
— Бүгінгі таңда ғылыми тағылымдама аясында екі егде жастағы ғалым «Болашақ» бағдарламасының стипендиясын алып отыр. Оның бірі 70-ке таяған, екіншісінің жасы 68-де. Бұрын шын мәнінде жас шектеуі болған. 40-тан жоғары болмау керек еді. Кейін оны алып тастағанбыз. Онда да кәсіби тағылымдамадан өтушілерге мүмкіндік беру үшін солай істедік. Бүгінгі таңда мынандай шектеулер белгіленген — зейнет жасына 3 жыл қалғандарға шектеу қойылады. Бұл шектеу биылдан бастап күшіне енді, — деді ол.
Сондай-ақ, ол «Болашақтың» докторантурасына түскендердің ішінде зейнет жасындағы адамдардың жоқ екенін атап өтті.
— Бұл жерде әңгіме жалпы тағылымдамалар туралы болып отыр. «Болашақ» бағдарламасының докторантурасында 60-тан асқан адамдардың оқыған жағдайы тіркелген жоқ, — деді Саясат Нұрбек.
Бұған дейін «Болашақ» бағдарламасындағы тіл курстарына кім қатыса алатынын жазған едік.