Зейнетке шыққан жоғары шенді сардарлар күзетші болып қызмет етуге мәжбүр - «Генералдар кеңесі» РҚБ

АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Әскери азаматтардың тұрғын үй мәселесі осы саладағы ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Әскери қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау» атты жинақтың таныстырылымы барысында «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі Президиумы төрағасының орынбасары, генерал Тұрсын Айжолов айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара барысында жинақтың мақсат-міндеттері мен әскерилердің әлеуметтік мәселелерін сөз еткен генерал «Мен әскери азаматтармен қарым-қатынас барысында, олардың тыныс-тіршілігімен танысу кезінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауда қаншама проблемалардың қалыптасып қалғандығына көз жеткіздім. Солардың ең маңыздыларының бірі әскерилерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты. Сонымен қатар, әскери азаматтардың денсаулықтарына, оларға медициналық қызмет көрсетумен байланысты да біршама мәселелер бар», деді төрағаның орынбасары.

Оның айтуынша, қазір әскер саласында өзінің толық міндеттері мен құқықтарын біле бермейтін азаматтар да кездесіп қалады. «Біз қазір әскер саласында ұзақ жылдар қызмет еткен азаматтарды бейімдеу жағына көңіл бөліп отырмыз. Бұл бағытта көптеген мемлекеттерде арнайы бағдарламалар бар. Олар әскери азаматтарды зейнеткерлікке алдын ала дайындайды. Ал біздің сардарлар қазір өзі қызмет етіп жүрген органнан қуылып шыққандай күй кешуде. Нәтижесінде майор, подполковник, тіпті полковник шеніндегі сардарлар күзетші болып қызмет етіп жүр. Өйткені олардың «барар жер, басар тауы» жоқ. Ал бұл мәселемен түптеп кегенде мемлекет айналысуы керек», деді генерал.