Зейнеткер офицерлерге зейнетақы мөлшері сараланған түрде арттырылуы тиіс - С. Тоқпақбаев

АСТАНА. Қарашаның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Сәт Тоқпақбаев зейнеткер офицерлердің  зейнетақы мөлшерін қайта қарауға қатысты мәселе көтерді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

 «Менің атыма Қарулы күштердің ардагер офицерлері, соның ішінде «Қарулы күштердің ардагер офицерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері хат жолдап, өздерінің наразылықтарын білдірді. Олар күш құрылымдары зейнеткерлерін зейнетақымен қамтамасыз етуде қолдан жасалған кемшіліктердің орын алып отырғанына назар аударуды сұрайды. Мысалы, әскери қызмет өткерген уақытында әскери бөлім (полк, бригада, дивизия және т.б) командирі лауазымында болған, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің полковник атағындағы зейнеткерлердің зейнетақысы мүлдем төмен. Олар қазіргі уақытта 2006 жылғы  маусымның 1-де зейнет демалысына шыққан осындай офицермен салыстырғанда 50 пайызға және одан да төмен зейнетақымен қамтамасыз етіліп отыр.  Мемлекет басшысының 2006 жылғы  мамырдың 25-дегі тапсырмасын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 454 Қаулысы қабылданып, мұнда осы кемшіліктер тек бір реттік қана жойылған», деді депутат.

Осыған орай, С. Тоқпақбаев зейнеткер әскери қызметшілер арасында әлеуметтік шиеленісті болғызбау үшін күш құрылымдары зейнеткерлеріне зейнетақы мөлшерлерін сараланған түрде арттыру  қажеттігін алға тартады. «Әскери қызметшілердің ақшалай тұтыну деңгейінің өзгеруіне сәйкес зейнетақыларды арттыруды көздейтін «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңына толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарауды сұраймын», деді депутат.