Зейнеткер Париж-Астана арақашықтығын велосипедпен бағындырды

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Күн бұрын елордаға Париж-Астана арақашықтығын велосипедпен бағындырған 65 жастағы Жан Люк Бонранд келді, деп хабарлайды 24.kz сайтынан.

Шабандоз әлем бойынша саяхатын 20 жыл бұрын бастаған. Зейнеткер көп уақыт бойы Азия мемлекеттеріне барып-келуді армандаған. Ол көп жыл бойы заңгер қызметін атқарған. Парижде жұбайы мен 2 баласы қалды. Ал 20 жыл бұрын әлемді шарлауға бет алған Бонрандтың басты мақсаты - түрлі елдердің мәдениетімен танысу. Ол уақыт ішінде Ұлыбритания, Грузия, Ресей және тағы да басқа 10 шақты мемлекетке барып үлгерген. Бұл - шабандоздың Орталық Азияға бірінші келуі.

"Мен кәсіби спортшы емеспін, мүмкіндігімше осындай саяхаттарды жасап тұрамын. Егер ауа райы жағымды болса, сағатына 25 шақырым жүремін. Жыл сайын 1 мың шақырым жүріп өтуге тырысамын. Әр саяхаттан кейін Парижге қайтамын. Ал Астана жайлы айтатын болсам, қалаларыңыз өте тамаша, нағыз XXI ғасыр қаласы", - дейді саяхатшы Жан Люк Бонранд.

Жан Люк Бонранд Астанаға Сергей досының шақыруымен келді, олар жыл бұрын ғаламтор арқылы танысқан. Кейін Франция азаматы Қазақстанға келуге үлкен қызығушылық танытыпты.

Зейнет жасындағы шабандоздың жай қайтар түрі жоқ. Ол енді Токиоға сапар шегуді армандап отыр.