ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазіргі кезде әлеуметтік желілерде және мессенджер арқылы таратылып жатқан зейнеткерлерге «22 000 және 60 000 теңге сомасына қосымша әлеуметтік төлем алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беру қажет» деген ақпарат жалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО бойынша филиалының директоры Нәдір Құрымбаевтың айтуынша, облыста мұндай өзгеріс жоқ.
«Сұрақ туындаған жағдайда азаматтардан 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына хабарласуды сұраймыз. Сондай-ақ жалған мәліметтерді таратпауды өтінеміз», деді Н.Құрымбаев.
Күні бүгін жалақының ең төменгі мөлшері – 70 мың, ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 24 341, зейнетақының ең төменгі мөлшері – 53 076 теңге.
Жыл басынан бастап Батыс Қазақстан облысында жасына байланысты зейнетақы және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері - 10,5, ал жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер - 8,5 пайызға өсті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында өртке байланысты тіркеу және жер кадастры бөлімінің мекенжайы өзгергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).