Зейнеттегі мемлекеттік қызметшілер жалақысының 70% сақталуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде мемлекеттік қызметшілер зейнетке шыққан кезде жалақысының 70 пайызын сақтап қалу ұсынылды. Одан бөлек, көпбалалы мемлекеттік қызметшілерді қолдау шаралары қарастырылып жатыр.
«Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқығын қорғау өзекті. Осы орайда зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілер жалақысының 70% сақтауға қатысты ой, ұсынысымыз бар. Яғни лауазымына қарамастан. Одан бөлек, мемлекеттік қызметші көпбалалы болса, оның балаларына грант бөлу туралы да ұсыныстар бар. Аталған ұсыныстарды былтыр тамызда Үкіметке кіргіздік. Әзірге қаржы жағына байланысты қоя тұрыңыз деген жауап болды», - деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Jibek joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасының эфирінде.
Бұған дейін агенттік төрағасы мемлекеттік қызметте неге басшы көп, орындаушы аз деген сұраққа жауап берген еді.