Академик алдымен кітап оқуды жақсы көретін оқырмандарды ашық аспан астында өтіп жатқан кітап мерекесімен құттықтады. «Келешегін ойлайтын адамзаттың ақылшысы - кітап»,-дейді ғалым. «Бүгінгі фестивальге байланысты, қазақ халқын, оның ішінде, кітап оқды жақсы көретін қауымды бар ниеттіммен кітап мерекесімен құттықтаймын! Менің ойымша, кітап - өте қасиетті дүние. Әр адам бойына сіңген рухани байлықты, асқақ арманды, келешекке деген көзқарасын кітаптан алады. Мен өзім кітапты қатты сүйетін адаммын. Менің бойымда бір жақсылық, ізгілік, патриоттық, кісілік болатын болса, осының барлығын кітаптан алдым. Кітап - ғажайып дүние. Кітап арқылы керемет ғұламалармен сөйлесесің, сұхбаттасасың. Кітап арқылы Сократпен, Шекспирмен, Гетемен, Пушкинмен, Абаймен, Шоқанмен тілдесіп, сөйлескендей боласың. Сондықтан да, әр адам өз келешегін ойлайтын болса, ол кітаппен дос болуы керек. Дүниенің бәрі өтпелі болғанмен, мәңгілік ой, рухани дүние кітапта жатыр»,-дейді Ж.Әбділдин. Ал, Абай мен Шоқандай қазақ әдебиетіндегі классиктердің мерейтойларына тоқталған ғалым Абайдың әр кітабы қойын дәптердей кеуде тұсымызда жүру керек деген ойын айтты. «Биыл - Қазақ хандығының 550 жылдығы, Абайдың 170 жылдығы, Шоқанның 180 жылдығы. Бұл мерекелердің бір жылға дәл келуі де бекер емес шығар. Бүгінгі кітап тойына байланысты әрбір жас Абайды оқып, Абайды түсінсе...Мен мысалы, Абайды өмір бойы оқыдым. Бойыңда ақылың қанша болса, Абайды соншалықты жаңа көзқараспен түсінесің. Абай - көне құбылыс емес, біздің келешекке, бүгінгі өмірімізге өте керек құбылыс. Абайдың кітаптарын қойын дәптер сияқты қолымыздан тастамауымыз керек»,-деп ақыл қосты академик. Оның үстіне, ғалым мына өркениеттің ешбір дүниесі кітапты алмастыра алмайтынын айтып, кітапты сүюге шақырды. «Тағы да айтайын дегенім, кітапты сүйе білу керек. Теледидар, ғаламтор, бүгінгі керемет техникалық жетістіктердің ешқайсысы кітапты алмастыра алмайды. Ары кетсе, олар кітаптың тек қосымшасы ғана...»,-деп ойын қорытты философ.
14:46, 22 Тамыз 2015
Ж.Әбділдин: Жақсылық, ізгілік пен кісілік қасиеттерін кітаптан таптым
АСТАНА.ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында бірінші рет өтіп жатқан кітап фестивалінде ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстандағы диалектикалық логика мектебінің негізін салушы Жабайхан Әбділдин ағамызды кездестіріп, аз-кем пікірлестік.