Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхана сайтында Жұбанның өмірі мен шығармашылығына арналған бет ашылды
16:57, 10 Қыркүйек 2010
ОРАЛ. Қыркүйектің 10-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Ж.Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының сайтында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бет ашылды.
Облыстық кітапхана директорының орынбасары Сара Кенжебаеваның айтуынша, биыл атақты ақын, мемлекет қайраткері Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығына орай кең көлемде шаралар ұйымдастырылуда. «Бір ел - бір кітап» атты республикалық іс-шара аясында Жұбанның «Мен қазақпын» дастанын ел болып оқу биылғы сәуірден бастап қолға алынып, ол осы қыркүйек айында қорытындыланбақ. Қыркүйектің 15-інде өңірге танымал өлкетанушы Жайсаң Ақбайдың Жұбан туралы жаңа кітабының таныстырылымы болмақ. Ж.Молдағалиев шығармашылығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция, сондай-ақ Жұбан оқуларының 10 жылдығына орай байқау өткізілмек.