Ж. Тәшенов атындағы қоғамдық қор құрылуы тиіс - К. Салықов

АСТАНА. 20 наурыз. ҚазАқпарат -   Ж. Тәшенов атындағы қоғамдық қор құрылуы тиіс. Бүгін Астанадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Жұмабек Тәшеновтің азаматтық ерлігі және қазіргі патриоттық тәрбие» атты республикалық ғылыми-практикалық

конференция материалдарының негізінде жарыққа шыққан жинақтың тұсаукесері барысында сөз сөйлеген белгілі ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов осындай мәселе көтерді. 

«Біз қазақтың ұлттық қайраткері Ж. Тәшеновтің 100 жылдығының алдында көп шараны атқаруды бүгін қолға алуға тиіспіз. Бұған көпшілік қауым бірігіп жұмыс жасауы шарт. Соның негізгісінің бірі ­- қайраткер атындағы қор құру. Естеліктер шығару үшін зерттеушілер мұрағатпен жұмыс жасауы керек. Сондықтан қорды, оның жұмысының нәтижелі болатынына септігін тигізетін ақылдастар алқасын құру бүгінгі міндет», - дейді К. Салықов.

Естеріңізге сала кетейік, Жұмабек Тәшенов кезінде Кеңес одағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап тұрған Н. Хрущевтың «бөліп ал да, билей бер» деген әпербақан саясатына қарсы тұрып, бабаларымыз аманат етіп кеткен қазақтың қасиетті жерін қорғап қалды. Сол кездегі партиялық-репрессиялық саясатқа білімі мен біліктілігін, ұлттық намысы мен парасаттылығын қарсы қоя білген тұлға.