Ж. Жетірудың «Аққыз» фильмі Мұсылман фильмдері халықаралық кинофестивалінің негізгі байқау бағдарламасына енді

АЛМАТЫ. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Татарстанның Қазан қаласында 5-11 қыркүйек күндері ІХ Қазан мұсылман фильмдері халықаралық кинофестивалі болады. 2005 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл шараны Татарстан Президентінің, Қазан қаласы мэрінің және Жоғары мүфтидің қолдауымен Татарстан Респбуликасының Мәдениет министрлігі ұйымдастыруда.

«Аққыз» фильмі фестивальдің негізгі байқау бағдарламасына іріктеліп алынды және бас жүлдеден үмітті туындылардың бірі болып отыр. Сондықтан Сізді туындының таныстырылымына және баспасөз мәслихатына қатысуға арнайы шақырамыз», - деген шақырту алдым дейді фильм режиссері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, сценарист Жаңабек Жетіру. Бұған дейін ол ұйымдастырушылардың шақыруымен 2011 жылы 15-28 қарашада Эстонияның Таллин қаласындағы «Вlack Night», 2012 жылы 27 шілде мен 5 тамыз аралығында Үндістаннның Дели қаласындағы «Osians Cinefan», 6-14 қазан Италияның Рим қаласындағы ХІІ Азия елдерінің халықаралық Рим кинофестиваліне, 6-12 қарашада Түркияның Анталия қаласындағы «Golden Appricot» және 10-17 қарашада Үндістанның Калькутта қаласындағы халықаралық кинофестивальдерге қатысты. Сондай-ақ АҚШ-тағы 14 қарашада Бостон, 20 қарашада Вашингтонда АҚШ-тың Кеннан институтында өткен «Дала гүлдері» фестивалі «Аққызбен» жабылған болатын. Ал биыл 20-24 мамырда АҚШ-та өткен ІІ Нью-Йорк Еуразия кинофестивалінде байқаудың негізгі бағдарламасына енген бұл туынды «Үздік фильм» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды.