Жаһандық бетбұрыс кезеңіндегі Қазақстан мұнай-химиясы

Фото: ҚазМұнайГаз

АСТАНА.KAZINFORM - Әлемдік мұнай-химия саласы соңғы бірнеше онжылдықтағы ең терең бетбұрысты бастан кешіріп жатыр. Ірі өндіруші компаниялардың табысы азайып, полимер өндірісіндегі негізгі буын саналатын этилен өндірісінің жүктемесі соңғы қырық жылдағы ең төменгі деңгейге түсті, деп хабарлайды Kazinform.

Мұның басты себебі – өндірістік қуаттың тым артып кетуі. Әсіресе Қытай соңғы жылдары өзін-өзі қамтамасыз етуге күш салды. Соның салдарынан артық өнім пайда болды. Еуропада жағдай қиын. Шикізат пен электр қуаты қымбат. Көміртек салығы өсті. Dow, ExxonMobil, Shell және LyondellBasell сияқты алыптар кей зауыттарын жауып тастады. Ал Оңтүстік Корея мен Жапония ескі кәсіпорындарын тоқтатып, саланы қайта құрып жатыр. Қытай да тыныш емес. Ол әлі полиэтиленді сырттан алғанымен, полипропиленді өзі өндіріп, енді оны шетелге сата бастады. Бұл – Азиядағы бәсекені мүлде жаңа деңгейге шығарды.

Осындай жағдайда бір ғана жол бар – шикізаты мол, технологиясы жаңа зауыттар ғана бәсекеге шыдай алады. Қазақстан дәл осындай межеде тұр. Бірақ жолымыз айқын. Соңғы жылдары елдегі өнеркәсіп саясаты өзгерді. Бұрынғыдай тек мұнай қазып сату емес, енді оны ел ішінде өңдеп, өнім шығару қолға алынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытты айқындап берді. Енді басты мақсат – елге пайда әкелетін, шетелге сатуға болатын өнімдер өндіру.

Мұнай-газ химиясы жаңа өнеркәсіптік стратегияның басым бағыттарының біріне айналды. 2025 жылы елдегі мұнай-газ химиясы өнімінің өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 150 пайызға артты, ал саланың экспорттық кірістегі үлесі ондаған пайызға өсті. Бірақ бұл көрсеткіштерден де маңыздысы – осы сандардың артында тәуелсіз технологиялық мектептің біртіндеп қалыптасып келе жатқаны тұр.

Осы жолда Атырау облысындағы Kazakhstan Petrochemical Industries (KPI) зауытының орны ерекше. Бұл кешен 2022 жылы іске қосылды. Содан бері тұрақты түрде өнім көлемін арттырып келеді. Биылғы тоғыз айда зауыт 135 мың тонна полипропилен өндірді. Бұл былтырғыдан 68 пайызға жоғары. Соның 128 мыңы сатылды. Оның ішінде 115 мың тоннасы шетелге жөнелтілді. Ішкі нарықтағы сату да екі есеге артты.

Бұл зауыт – жай ғана өндіріс орны емес. Бұл – Қазақстанның жаңа өнеркәсіптік ойлау жүйесі. Өз шикізатымызды өзіміз өңдейміз. Өз нарығымызды қалыптастырамыз. Дайын өніммен шетке шығамыз.

Қазақстан үшін KPI – жай ғана өндірістік алаң емес, бұл – өнеркәсіптік логиканың маңызды құрамдас бөлігі: өз шикізатын өңдеу, қосылған құнның ішкі тізбегін қалыптастыру және дайын өніммен сыртқы нарыққа шығу.

Жобаның тұрақтылығында ресейлік СИБУР компаниясының да рөлі зор – ол KPI-дің стратегиялық серіктесі әрі акционері. Бұл әріптестік тек қаржылық қолдауды ғана емес, технологиялық сараптаманы да қамтамасыз етеді: СИБУР – ірі тоннажды кешендерді басқару бойынша бірегей тәжірибеге ие компания («ЗапСибНефтехимнен» бастап, қазіргі уақытта салынып жатқан Амур газ-химия кешеніне дейін).

– Бүгінде мұнай-химияда жылдам салған емес, тұрақты жұмыс істей алатын ел ұтады,– дейді сарапшы Жанар Назарбаева. – Қазақстан өз жолымен нық қадам басып келеді: өндіріс тізбегі құрыла бастады, технологиялық серіктестер тартылып жатыр, логистикалық жүйе де қалыптасуда. Бірақ бұл саладағы табыс тек ниетпен емес, іс жүзіндегі нәтижемен өлшенеді – жыл сайынғы нақты көрсеткіштермен, шын мәнінде ел экономикасына қаншалықты пайда әкеліп отырғанымен бағаланады.

Бұл көзқарас бүгінгідей құбылмалы кезеңде өте маңызды. Қазіргі зауыттар үйлесімді жұмыс істеуі керек – техника жағынан да, логистика мен нарық жағынан да. Сонда ғана ұзаққа шыдайды.

Сол сияқты Ресей де СИБУР арқылы мұнай-химия секторын қайта құрып жатыр – ішкі нарықтағы төмен бағалар, өңдеуге салынған ірі инвестициялар және Азия нарығына шығу есебінен. KPI мен ресейлік кешендер біртіндеп біртұтас еуразиялық технологиялық экожүйе қалыптастыруда, мұнда Қазақстан шеткергі аймақ емес, орталықтың бір бөлігі ретінде көрінеді.

Бұл Қазақстан үшін жай ғана өндірістік жетістік емес, стратегиялық бетбұрыс. Дүниежүзілік мұнай нарығы баяу өсіп келеді, ал оның негізгі қозғаушы күшіне айналып отырған – мұнай-химия саласы. Қазақстан бұл ағымға жай үн қосып қана отырған жоқ, нақты іске асып жатқан жобаларымен, өсіп жатқан көрсеткіштерімен толыққанды қатысып отыр. Бұрын екінші қатарда тұрған сала – енді өз алдына орнықты, технологиялық, әрі сыртқы құбылуларға төзімді үлкен бағытқа айналды.