Жаһандық қақтығыстар ОА елдері үшін жүк тасымалы құнының 30%-ға дейін өсуіне себеп болып жатыр - Шавкат Мирзиёев

САМАРҚАНД. KAZINFORM – Жаһандық қақтығыстар Орталық Азия елдері үшін жүк тасымалы құнының 30%-ға дейін өсуіне және тауарды жеткізу уақытының бірнеше аптаға кешігуіне себеп болып жатыр.

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі.

Мұны Самарқандта өтіп жатқан Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 59-шы отырысында сөз сөйлеген көршілес елдің президенті Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі іс-шара орнынан.

Іс-шарада алғаш болып сөз алған Өзбекстан басшысы Азия даму банкімен арадағы стратегиялық серіктестіктің нығайып келе жатқанын атап өтіп, бірнеше мәселеге тоқталды.

— Бүгінде көлік-логистикалық дәліздердің тұрақтылығын қамтамасыз ету ең өзекті мәселеге айналып отыр. Жаһандық қақтығыстарға байланысты жүк дәліздерінің өзгеруі қазірдің өзінде Орталық Азия елдері үшін жүк тасымалы құнының 30 пайызға дейін өсуіне және тауарды жеткізу уақытының бірнеше аптаға кешігуіне себеп болып жатыр, - деді Шавкат Мирзиёев.

Осы орайда ол Шығыс пен Батысты байланыстыратын «Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан» темір жол жобасының маңыздылығына назар аударды.

— Бұл жаңа көлік бағыты бүкіл аймақтың транзиттік әлеуетін арттырады. Жеткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқарады және жылына 15 млн тоннаға дейін жүк өткізуге қауқарлы. Осыған байланысты біз банктің Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы бағдарламасы шеңберінде Цифрлық кеден және логистикалық жүйелер альянсын құруды ұсынамыз. Бұл кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, құжат айналымын цифрландыруға және трансшекаралық жүк тасымалын жүйелеуге мүмкіндік береді, - деп бастама көтерді Өзбекстан басшысы.

Мұнымен бірге Шавкат Мирзиёев Азия даму банкімен бірлесіп, Орталық Азиядағы туризмді дамыту ұсынысын айтты.

— Әлемдегі тұрақсыздыққа байланысты миллиондаған турист қауіпсіз бағыттарды іздей бастады. Туризм саласында Орталық Азия үлкен әлеуетке ие. Біз қажетті инфрақұрылым жасақтау, виза режимін жеңілдету және көлік қатынасын дамытуға бағытталған реформалар жүргізе отырып, осы секторға ерекше назар аудардық. Сондықтан біз Орталық Азия елдерінің барлығын тоғыстыратын туристік бағыт құруды ұсынамыз. Осы ретте біз көрші мемлекеттерді және Азия даму банкін осы саладағы жобаларды бірлесіп қаржыландыруға шақырамыз, - деді Шавкат Мирзиёев.

Өзбекстан президентінің сөзінше, аталған секторлармен қатар, республика сирек кездесетін минералдар өндірісінде де банкпен ынтымақтасуға дайын.

— Бұл ретте біз Азия даму банкінің “Сирек кездесетін минералдан өндіріске” бағдарламасына қосылуға ниеттіміз. Оның аясында шикізат өндірумен ғана шектелмей, сондай-ақ қосылған құны жоғары дайын тауар шығаруға ден қоямыз, - деп түйіндеді ол.

Еске салайық, бұл күндері Өзбекстанның Самарқанд қаласында Азия даму банкінің 59-шы отырысы өтіп жатыр. Оған әлемнің 100-ге тарта елінен келген 4 мыңнан астам делегат қатысып жатыр.

Кеше БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз маслихатында Азия даму банкінің президенті Масато Канда Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың ынтымақтастығы экономикалық өсімді қамтамасыз ететін күшке ие екенін айтқан болатын.