Жаһандық өнеркәсіптегі ахуал: Қазақстан серпінді өзгеріске дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемдік өнеркәсіп жаңа кезеңге қадам басты. Қазір кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігі тек жұмыс күші, шикізаттың бар-жоғы әрі географиялық орналасуымен ғана өлшенбейді. Айталық, озық технологияның, еңбек өнімділігінің, жасанды зерденің, аса маңызды минералдардың, тұрақты энергетика мен логистиканың, сондай-ақ жоғары қосылған құны бар өнімдердің маңыздылығы күннен-күнге артып барады. Аталған саланың бүгінгі жай-күйі мен отандық өнеркәсіптің беталысы жөнінде өнеркәсіп саясаты және импортты алмастыру жөніндегі сарапшы Индира Нұрланнан сұрап көрген едік.

Фото: Kazinform

Өнеркәсіп аламанындағы тың бетбұрыс

Әлемдік өнеркәсіпте халықаралық кооперация айтарлықтай маңызға ие. Бірақ оның әртараптандырылып келе жатқанын ескерсек, компаниялар бірнеше жеткізуші мен маршруттарға баса мән беріп, мемлекеттер жекелеген нарықтардың тәуелділігінен арылып, стратегиялық салалардың орнықты дамуына күш салып жатыр.

Индира Нұрланның айтуынша, Қазақстан үшін бұл өзгерістердің тікелей маңызы бар. Неге десеңіз, елімізде минералды-шикізат базасы мен энергетикалық сектордың әлеуеті жоғары. Сондай-ақ географиялық басымдығымыз да бар.

— Алайда бүгінгі нарық жағдайында бұл артықшылық жеткіліксіз. Басты мәселе — Қазақстан қосылған құны жоғары өнімнің едәуір бөлігін ел ішінде шығаруға қабілетті ме?! Өйткені әлемдік өнеркәсіптің құрылымын өзгерткен маңызды факторлардың бірі –жасанды интеллект. Деректер орталықтары мен цифрлы технологиялардың дамуы жартылай өткізгіштер мен серверлік жабдықтарға, сол секілді салқындату жүйелері мен электр энергиясына деген сұранысты арттыра түсті, — деді сарапшы.

Білікті маманның айтуынша, қазір өнеркәсіпте автоматтандыру мен роботтандыруға назар аударылып, өндірісті цифрлы жүйелермен басқару қарқын алып отыр. Кәсіпорынға бұл шығынды азайтып, өнім сапасын жақсартуға және қаржыны пропорционалды түрде арттырмай-ақ көбірек өнім шығаруға әсер етеді.

— Сондықтан да өнеркәсіпті цифрландыруды жеке бағыт ретінде емес, тиімділікті арттыратын құралы ретінде қарастырғанымыз жөн. Бұл ретте технологиялық жаңартудың басты көрсеткіші жаңа жүйенің немесе жабдықтың енгізілуі болмауы тиіс. Нақты экономикалық нәтиже саралануы қажет: өнімділіктің өсімі, өзіндік құнның төмендеуі, сапаның артуы және экспорт мүмкіндіктердің кеңеюі сынды, — деп атап өтті спикер.

Шикізаттан ауқымды құн тізбегіне дейін

Тағы бір өзекті әлемдік үрдіс аса маңызды минералдармен байланысты. Мәселен, мыс, литий, графит, галлий, германий және сирек кездесетін басқа да элементтер заманауи электронды құрылғылар, энергетика, аккумуляторлық технологиялар мен жоғары технологиялық өндірісте үлкен сұранысқа ие. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауына сүйенсек, көптеген стратегиялық минерал шектеулі мемлекеттерде ғана шоғырланған. Мұндай жағдай әлемдік жеткізу тізбегін сауда шектеулеріне, көлік ақауларына және басқа да сыртқы факторларға тәуелді етеді.

— Ал Қазақстан үшін бұл қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Бізде айтарлықтай минералды шикізат базасы жолға қойылған және еліміз аса маңызды материалдарды жеткізудің жаңа тізбегін қалыптастыруға қатыса алады. Десе де осы мәселеде дәстүрлі шикізат моделін қайталамаған дұрыс. Кен көзіне ие болу тек бірінші кезең. Кен байыту, қайта өңдеу, тазарту, арнайы материалдар, компоненттер мен дайын өнімдер өндірісін реттеу бұдан да маңызды. Дәл осы шикізатты өңдеудің ауқымдылығы Қазақстанның жаңа жаһандық тізбектерге қатысуының экономикалық әсерін айқындайтын болады, — деді Индира Нұрлан.

Өңдеу өнеркәсібінің әлеуеті зор

Кейінгі мәліметтер елімізде аталған саладағы үдерістің дамуын көрсетіп отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, 2026 жылдың қаңтар–тамыз айларында отандық өнеркәсіп өндірісі 102,8% артқан. Осы ретте өңдеу өнеркәсібі 8,4% нығайып, ал тау-кен өнеркәсібі 4,3% төмендегенін атап өткен жөн. Сонымен бірге 8 айда шамамен 45,64 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібіне 21,41 трлн теңге немесе өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 46,9% тиесілі.

ІЖӨ серпіні де біраз нәрсені аңғартады. Биыл қаңтар-маусымда Қазақстан экономикасы нақты мәнде 4,1% өсті. Осы орайда өңдеу өнеркәсібі 9,8% ұлғайып, ІЖӨ 1,25% өсімін қамтамасыз еткенін айта кетейік. Бұл Ұлттық статистика бюросы тізбектеген салалар арасында ең үлкен үлес.

— Құйылған инвестиция көлемі де нығайып жатыр. 2026 жылғы қаңтар–тамызда өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына тартылған инвестиция мөлшері 1,91 трлн теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бұл 39,9% көп. Инвестициялардың жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1% жетті. Бұл көрсеткіш тек өсім қарқыны ретінде ғана маңызды емес. Бұған қарап, өңдеу секторының экономикадағы рөлі біртіндеп күшейіп жатқанын байқауға болады, — деп нақтылайды отандық сарапшы.

Өндірілген көлемнен өнімді нәтижеге дейін

Индира Нұрланның пікірінше, өнеркәсіп дамуының келесі кезеңі күрделі болады. Ол өндіріс көлемінің өсімі бәсекеге қабілеттіліктің артқанын ашып көрсетпейтінін жеткізді. Кәсіпорын штатты кеңейтіп, жаңа қондырғылар орнатып, сол секілді ресурстарды тұтынуды арттыру арқылы өндірісті арттыра алады. Бірақ та ұзақмерзімді нәтиже еңбек өнімділігі күшейген кезде ғана пайда болады — белгілі бір уақытта бір қызметкердің қолынан шыққан өнімнің мөлшері мен құнына байланысты.

— Дәл осы тұста технологияның маңыздылығы арта түседі. Автоматтандыру, роботтандыру, өндіріс процесін цифрлы тетікпен басқару және заманауи бақылау жүйелері шығысты пропорционалды түрде нығайтпай-ақ өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан өнеркәсіп жобаларын бағалау кезінде ашылған жұмыс орындарының мөлшерімен қатар қызметкерлердің біліктілік деңгейіне, өнімділікке, жалақыға, экспорт әлеуетіне және кәсіби өсім мүмкіндігіне назар аударған жөн. Демек, мемлекет өнеркәсіп саясатын инженерлік және техникалық білім беруді дамытумен тығыз байланыстыру қажет. Қазір заманауи өндіріске инженерлер, технологтар, автоматтандыру, өнеркәсіптік бағдарламалау, техникалық қызмет көрсету және сапаны бақылау мамандары қажет, — деді өнеркәсіп саясаты және импортты алмастыру жөніндегі сарапшы.

Еліміздің даму бағдары

Спикер атап өтуінше, Қазақстан өнеркәсіп өнімдерінің барлық түрін шығаруға міндетті емес. Барынша шикізат, энергия, инфрақұрылым және перспективасы бар сыртқы нарықта сұранысқа ие бағыттарға басымдық берген тиімді болады. Бұл қатарға жоғары бөліністегі металлургия, мұнай-газ химиясы, тыңайтқыштар өндірісі, машина жасау, теміржол жабдықтары, автокомпоненттер, ауылшаруашылық техникасы және маңызды минералдарды өңдеу кіреді.

— Басым бағыттарды таңдаған кезде ресурстардың бар-жоғынан бөлек өндіріс құнына, технология қолжетімділігіне, энергия мен кадр қажеттілігіне, экологиялық талаптар мен экспорттың болашағын бағалауға мән берген дұрыс. Бұл орайда мемлекеттік қолдау өлшенетін нәтижелермен байланысты болуға тиіс. Яғни, тартылған инвестицияның көлемі мен іске қосылған кәсіпорындардың санынан басқа еңбек өнімділігін, экспорт көлемін, локализациялау деңгейін, отандық жеткізушілердің мөлшерін, технология трансфері мен салық әсерін ескерген маңызды. Шағын және орта бизнеске ерекше назар аудару керек. Себебі ірі өнеркәсіп жобаларының айналасында жеткізушілер желісін құра алатын тек отандық кәсіпорындар. Ол үшін тиісті қаржыландыру, өндіріс алаңдары, заманауи жабдықтар, сапа стандарттары және ірі компаниялардың сатып алулары қолжетімді болуы қажет, — деді ол.

Сөзін түйіндеген сарапшы басты мәселе еліміздің қанша тонна шикізаттың немесе өнім өндіре алатындығынан бұрын геологиялық барлау мен шикізатты өңдеуден бастап материалдар, компоненттер, технологиялар мен дайын өнімдерді шығаруға дейін қамтылатын тауардың түпкілікті құнын әзірлеуге қаншалықты дайын екендігінде екенін атап өтті. Дәл осы шикізат басымдығынан өнеркәсіптік-технологиялық бейілділікке көшу Қазақстанның жаңа әлемдік өнеркәсіп жүйесіндегі орнын айқындайды. Егер де мемлекет бар ресурстарды технологиямен, инвестициямен, энергетикамен, логистикамен және адами капиталмен байланыстыра алса, өнеркәсіп орнықты экономикалық өсімнің және саланы әртараптандырудың негізгі көзіне айналады.