Жаһандық тұрғын үй дағдарысымен күрес: Бакуде Дүниежүзілік қалалар форумы өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан астанасы Бакуде БҰҰ-ның Дүниежүзілік қалалар форумы өтеді. Бұл БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасы аясындағы жаһандық тұрғын үй дағдарысы туралы ескертуімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл туралы Euronews жазды.

Фото: WUF13

БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасы мәліметіне сүйенсек, әлемде кемінде 3 млрд адам лайықты баспанасыз өмір сүріп жатыр. Ал 1 млрд-тан астам адам лашықтар мен бейресми қоныстарда тұрады. Ұйым тұрғын үй саласындағы «жаһандық дағдарыс» жағдайында шұғыл әрекет етуге шақырып отыр.

Тұрғын үй мәселесінен зардап шегетін адамдардың басым бөлігі Азия мен Африкада тұрады. Агенттік егер тиісті шаралар қабылданбаса, 2050 жылға қарай лашық жағдайында өмір сүретіндер саны 3 млрд адамға жетуі мүмкін екенін ескертті. Бұл қазіргі деңгейден үш есе көп.

Осы мәселе бойынша пікірталастар мен талқылаулар өткізу үшін Әзербайжан астанасы Бакуге 182 елден 40 мыңнан астам адам жиналады. Мұнда 17–22 мамыр аралығында тұрақты урбанизацияға арналған БҰҰ-ның жетекші жаһандық конференциясы – Дүниежүзілік қалалар форумының 13-сессиясы өтеді.

БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасы екі жылда бір рет өткізетін бұл шара қалалардың болашағы, тұрғын үй және қалалардың тұрақтылығы мәселелерін талқылайтын ең маңызды халықаралық алаңдардың бірі саналады. Биылғы форумның тақырыбы – «Баршаға арналған тұрғын үй: қауіпсіз әрі тұрақты қалалар мен қауымдастықтар».

– Тұрғын үй мәселесі қалалардың болашағынан, климаттың өзгеруіне төзімділіктен, әлеуметтік-экономикалық өркендеуден және өмір сапасынан ажырамас мәселе ретінде барған сайын айқындала бастады, – дейді БҰҰ-ның Халықты қоныстандыру бағдарламасының Әзербайжандағы өкілдігінің басшысы Анна Соаве.

Оның айтуынша, WUF13 форумының маңызы зор. Өйткені ол «үкіметтер, әкімдер, қала жоспарлаушылары, ғылыми орта, бизнес, азаматтық қоғам және қауымдастықтар қауіпсіз, тұрақты әрі инклюзивті қалаларды қалай құруға болатыны жөніндегі практикалық шешімдерді талқылап, тәжірибе алмаса алатын алаң» ұсынады.

Бұл дағдарыстың ауқымы гуманитарлық мәселе ғана емес, экономикалық, саяси және экологиялық проблема ретінде де жиі қарастырыла бастады.

Соаве қабылдаушы ел үшін форумның пайдасы «жай ғана халықаралық іс-шарадан әлдеқайда ауқымды» екенін түсіндірді.

– Форум қалалардың қарқынды трансформациясы, инфрақұрылымға, тұрғын үйге, байланысқа, қақтығыстан кейінгі қалпына келтіруге және аумақтық дамуға ірі инвестициялар салынып жатқан кезеңде елді жаһандық қалалық күн тәртібінің орталығына шығарады, – деді Соаве.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан, Өзбекстан және Әзербайжан 2030 жылы Еуропаға «жасыл» энергия экспорттайтынын жаздық.