«Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп айтады. Біздің халық жалпы өзінің денсаулығына өзі жауапты екенін әлі сезінбейді. Өйткені сол денсаулыққа жауапты екендігін сезінетіндей бізде алдын алу шаралары жүргізілмейді. Соның бір айқын көрісіне тоқталатын болсақ, Қазақстанда бірде-бір дұрыс медициналық газет немесе журнал жоқ», - деп тоқталды сенатор Жабал Ерғалиев жобаны талқылау барысында.
Ол өз сөзінде облыстарда салауатты өмір салты атты ұйымдар бар екенін, алайда олардың қызметін адамдар көп жағдайда білмейтінін жеткізді.
«Ол ұйымдар анда-санда газеттерге бірен-саран материалды берумен ғана шектеледі. Қазіргі кезде олардың денсаулық сақтау мен аурудың алдын алу жөніндегі шаралары бүкіл халыққа жетпейді. Жалпыхалықтық түсіндіру жұмыстары бір ізге салынбай келе жатыр. Екіншіден, әсіресе ауылды жерлерде әлеуметтік медициналық сақтандыру кезінде үлкен түсінбеушіліктер туындауы мүмкін. Осыны біз жергілікті жерлерде әрбір тұрғынға қалай жеткіземіз? Қайтіп түсіндіреміз?», -деді Ж. Ерғалиев.
Оның пайымынша, заңнаманы түсіндіру бағытында жергілікті жерлерде үнпарақтар мен қажетті ақпараттарды тарату жұмыстары қамтылуы қажет.