Жабай өзеніндегі су деңгейі жарты метрге дейін төмендеді

Фото: Фото: Ақмола облысы ТЖД

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Су тасқынынан зардап шеккен Атбасар ауданында төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жалғасуда. Жабай өзеніндегі су деңгейі жарты метрге төмендеп, 5 метрге түсті.

Атбасар ауданы әкімдігінің мәліметінше, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары су тасқыны кезінде халыққа берілетін ауыз судың сапасын бақылау мақсатында қала көшелеріндегі сумен жабдықтау жүйелерінен су сынамаларын алды. Сараптама қорытындысы, жергілікті әкімдік өкілдері атап өткендей, жақын арада жарияланады.
Сонымен қатар, Атбасар қаласының бүлінген көше жолдарын қалпына келтіру, аулалардағы суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Фото: Ақмола облысы ТЖД

Зардап шеккен тұрғындарға келтірілген материалдық шығын көлемі мен төленетін өтемақы бойынша өтініштер қабылдау басталды.

Фото: Ақмола облысы ТЖД

«Су тасқынына қарсы шаралар қабылданғаннан кейін су басқан аумақтардың тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды. Халыққа материалдық залал төлеу тәртібі түсіндірілді. Жұмыс басталған сәттен бері барлығы 35 өтініш түсті. Зардап шеккендерге қажетті көмек, соның ішінде уақытша тұру, азық-түлік және медициналық көмек көрсетіледі», - деп түсіндірді аудан әкімдігінен.

Айта кетсек, бұдан бұрын Атбасар ауданында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланғанын жазған едік.