Депутат «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар санының көбейгеніне қарамастан, елімізде аң және құс аулау шаруашылығы да тез дамып келетінін алға тартады. Оның сөзіне қарағанда, жалға берілген аң шаруашылықтары фаунаны қайта жаңғыртумен айналыспайды, олар тек пайда табу мәселесін көздейді. «Фаунаны қорғауға уәкілетті органдардың қажетті деңгейде бақылау жүргізуге қауқары жоқ. Себебі, техникалық жабдықталуы төмен, әрі үлкен аумақты бақылауға штат қызметшілерінің саны жеткіліксіз. Сонымен бірге аң аулау қару-жарақтарының шексіз көлемде сатылуы біз мақтаныш ететін жануарлар әлемінің толығымен жойылуына себеп болып отыр», - дейді депутат Омархан Өксікбаев. Бұдан бөлек, мәжілісмен уәкілетті органдар жабайы жануарлардың миграциялық процесі мен олардың санын зерттеуді тоқтатқанын, бұл фаунаның тез арада жойылуына ықпал етіп отырғанын да жеткізді. «Осыған орай, жабайы жануарлар әлемін зерттеумен айналысатын институттарға қосымша қаржы бөлу қажет, ал аң шаруашылықтарына рұқсат беру құқығын шектеу керек. Екіншіден, елімізде фаунаны қайта жаңғырту және жануарлар миграциясын азайту мақсатында көктем мезгілінде аң мен құстың барлық түрін аулауға қатаң тыйым салуымыз керек. Сосын жоғалуға айналған аңның төлдейтін, құстың балапандайтын жерлерін зерттеп, сол жерлерді қорғалатын ұлттық табиғи қорықтарына айналдыру мәселесін қолға алу да маңызды», - деді депутат.
12:45, 22 Қазан 2014
Жабайы аң-құстарға жойылу қаупі төніп тұр - О.Өксікбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі жабайы құстар мен аңдарға жойылу қаупі төніп тұр. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Омархан Өксікбаев осындай мәселе көтерді.