Жабайы саудамен қоғам болып, бірлесе күресу қажет - А.Имантаева

АЛМАТЫ. 25 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Қаладағы әр аудан әкімдігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау департаментінің аудандық бөлімшелерімен бірлесіп жабайы саудамен күресті жалғастыруда, нәтижесінде күн санап базар маңындағы мұндай сауда түрлері жойылып жатыр.

Бұл жөнінде Алматы қаласы бойынша санитарлық-эпидемиялогиялық қадағалау департаментінің Ұйымдастыру және қаржы мәселелері жөніндегі директордың орынбасары Айман Имантаева жабайы сауда орындарына жүргізілген рейд барысында айтты.

А.Имантаева қала тұрғындарына жабайы саудамен қоғам болып, бірлесе күресу қажет деген үндеуін жеткізіп, бұл әкімдіктің және тағы басқа құзырлы орындардың мәселесі ғана емес, қалалық мәселе екендігін айтып өтті. "Егер жұртшылық жол жиегіндегі заңсыз саудаланған тауарларды алмаса, ол өздігінен жоғалып, саудагерлер сауда жасауға рұқсат берген орындарға кетер еді. Қазір қала әкімдігінің бастамасымен қалада көптеген көпфункционалды сауда орындары ашылуда. Олар сонда барып еш қысымсыз жұмыс істегендері жөн", -дейді ол.

Сонымен қатар ол халықтың көбі жабайы сауда орындарында азық-түлік, ет тағы басқа өнімдер басқа орындарға қарағанда арзандау деп жататындығын айта келе, ондай тауарлар еш тексерістен және қадағалаудан өтпегендіктен арзан болуы мүмкін деген пайымын білдірді.

А.Имантаева сондай-ақ жабайы саудамен айналысатындарға біздің департамент ешқандай шара қолдана алмай отыр дегенді айтты. "Олардың барлығы сырттан келушілер, сондықтан құжаттары да жоқ. Айыппұл салу үшін біздің ережеге сай 12-ге жуық құжат жинап хаттама жасау керек болады",-деп атап өтті ол.