Жабайы жануарлар популяциясы 50 жылда 70 пайызға жуық қысқарды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) баяндамасына сәйкес, жабайы жануарлар популяциясы 1970 жылдан бері орташа есеппен алғанда, 68 пайызға қысқарған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

WWF ғалымдары өз баяндамасын тірі табиғаттың 2020 жылғы Жаһандық индексін есептеуге арнап, эколог мамандардың 50 жыл бойы сүтқоректілер, құстар, бауырымен жорғалаушылар, балықтарға олардың тіршілік ету орындарында бақылау жасап, талдау жүргізу негізінде алынған мәліметтерге сүйенді.

Ең көп шығын тропиктік аймақтарда тіркелген: Латын Америкасын мекендейтін жабайы түрлер популяциясы 94 пайызға, Азия-Тынық мұхиты аймағында – 45 пайызға, Солтүстік Америкада – 33 пайызға, Еуропа мен Орталық Азияда – 24 пайызға қысқарған.

Лондон зоология қоғамының табиғатты қорғау жөніндегі директоры Эндрю Терри жануарлар популяциясының қысқаруына адамзат қызметі себеп болғанын айтып отыр.

Жануарлардың жойылып кетуі туралы мәліметтерді Халықаралық табиғатты қорғау одағы да жинап жатыр. Ол жануарлар мен өсімдіктердің 100 мыңнан астам түріне бағалау жүргізіп, 32 мыңнан астам түрінің жойылу қаупі бар екенін анықтады. 2019 жылы ғалымдардың үкіметаралық тобы 1 млн түрдің (жануарлардың 500 мың түрі мен өсімдіктердің 500 мың түрі) жойылуға жақын деген ұйғарымға келді.