Жабылмаған гештальт адамның психикасына қалай әсер етеді – психолог кеңесі

Фото: Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Гештальт жабылмаса – күйзеліске әкелуі мүмкін. Бұл туралы «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болған психолог маман толығырақ тарқатты. 

Кейінгі кезде «Жабылмаған гештальт» деген тіркесті жиі еститін болдық. Әсіресе коуч, психолог мамандар бұл терминді жиі қолданады. Гештальт терапевті ең әуелі «гештальт» деген сөздің анықтамасына тоқталды.

– Әрбір тәжірибелі психолог адамдармен жұмыс істегенде жеке әдісін қолданады. Солардың бірі – гештальт терапия. Бұл – психотерапиялық бағыттардың бірі. Осы бағытты меңгерген мамандар өздерін гештальт терапевт деп атайды. Гештальт дегеніміз – аяқталмай тұрған қажеттілік. Адам бойында пайда болған ниет не талпыныс белгілі бір әрекетпен жүзеге аспай, жабылмай қалса, ол адам психикасына әсер етуі мүмкін, - дейді Гүлзат Асанова.

Көпшіліктің көкейінде бұл термин орындалмаған арман деген түсінікпен ассоциацияланады. Ал маман арман мен гештальтты шатастырмау керектігін айтады.

– Арман – бұл жай ғана ниет немесе қиял. Бірақ ол әрекетпен нақты қадамдарға айналмаса, гештальт болып саналмайды. Арманды гештальтқа айналдыру үшін оған бағытталған нақты әрекет керек. Сол арқылы адам өзінің ішкі қажеттілігін өтеп, оны жаба алады. Әйтпесе, ол жай ғана фантазия күйінде қалады. Гештальт міндетті түрде үлкен мақсат болмауы мүмкін. Күнделікті өміріміздегі майда-шүйде әрекеттердің өзі гештальтқа жатады. Мысалы, таңғы асты ішу, біреуге қоңырау шалу, кешке серуенге шығу – бұлардың барлығы белгілі бір қажеттілікті өтеп, гештальтты жабады, - дейді психолог.

Ал гештальт жабылмай қалса, өкініш сезімін тудыруы мүмкін. Маман сәйкесінше, жабылмаған гештальттардың көбейуі психологияға кері әсер ететінін жеткізді.

– Адамның бойында бірнеше базалық қажеттілік болады. Сол қажеттіліктер уақытылы өтелмей, гештальттар жабылмай қалса, ол адамды ішкі күйзеліске, жүйкенің тозуына әкелуі мүмкін. Себебі, олар бір-біріне қарама-қайшы келіп, ішкі конфликт тудырады. Мысалы, адам «үй алу керек» деп ойласа, бірақ сонымен қатар «көлік керек» деген ойы да болса, бұл екі ниет бір-біріне қайшы келіп, ішкі шиеленіс тудыруы мүмкін, - дейді маман.

Гүлзат Асанованың айтуынша, кейде ата-аналар өзінің жаба алмаған гештальтын балалары арқылы орындауға тырысады екен.

– Барлық ата-ана өз қажеттілігі мен баланың қажеттілігін ажырата білуі керек. Кейде ата-ана балаға өз армандарын телиді. Мысалы, анасы кезінде чемпион болуды армандап, енді баласын жүзуге немесе спортқа күштеп береді. Бұл – өзінің жабылмаған гештальтын балаға жүктеу. Мұндайда бала өзінің емес, ата-ананың арманы үшін өмір сүреді. Маған көптеген қыз-келіншектер психологиялық сабақтарға келеді. Сол кезде өздерінің гештальттарын анықтап, «біз балаларымызға өзіміздікін іліп жүрген екенбіз ғой» деген түсінікке келеді. Осыдан кейін олар балаларына мүлде басқа көзқараспен қарай бастайды, - дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен жолы эмоцияны іште сақтап, тұншықтыру ауруға әкелетінін жазған едік.