АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан құрамасы Сингапурда өткен жағажай самбосынан әлем чемпионатында жеті медаль алып олжалады.
Биылғы бәсекеге 20 елдің спортшылары қатысты. Ел құрамасы әлем чемпионатында 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдеге қол жеткізді.
Отандастарымыздың арасынан Маргарита Бажаева (50 келі) чемпион атанса, Асқар Еспусинов (58 келі) күміс медаль алды.
Ал Жандос Бейсенбаев (71 келі), Болат Сапар (88 келі), Айнұр Төребай (59 келі), Арайлым Әбенова (72 келі) және Қазақстан құрамасы командалық сайыста үздік үштікті түйіндеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында каратэ-до спортынан Мөлдір Жаңбырбай (50 келі) күміс жүлдеге ие болды.
Отандасымыз финалда Иран спортшысы Сара Бахманиермен жолықты. Негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталған еді. Төрешілер нәтижелі әрекеті үшін жеңісті қарсыласқа берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.