Жағажай волейболы: Әлемдік турдың Ресейдегі кезеңдік жарысында қазақстандық қыздар 9-орын алды

АЛМАТЫ. 29 шілде. ҚазАқпарат - Жағажай волейболынан Ресейдің Анапа қаласында 23-28 шілде күндері өткен «Опен» Әлемдік турының «Анапа Опен» кезеңдік жарысын қазақстандықтар спортшылар әйелдер арасында 9-шы,

ерлер арасында 17-ші болып аяқтады. Негізгі сынның топтық сайысында «В» тобында Ресей, Жапония, Норвегия елінің өкілдерін қапы қалдырған Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова 1/8 финалда бразилиялықтарға 2:1 (21-19, 19-21, 15-9) есебімен ұтылып қалды. Соның салдарынан 9-орынды қанағат тұтып, рейтингтік қоржынын 250 ұпаймен ғана толықтырды.

Ресейдегі бұл бәсекеде топтық сайыста «В» тобында үшінші орын алған Дмитрий Яковлев пен Алексей Кулешов 17-орынға табан тіреді. Аргентиналықтардан ғана басым түсіп, Словения, Венесуэла, Германия спортшыларынан жеңіліс тапқан олар өз қоржындарына 200 ұпай қосты.Бұл жерлестеріміздің биылғы маусымдағы ең жоғары нәтижелері болып отыр.