Жағажай волейболынан Польшада «Үлкен дулыға» сериясының кезеңдік жарысы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 28 шілде. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жағажай волейболынан Польшаның Старе Яблоники қаласында «Үлкен дулыға» әлемдік сериясындағы соңғы кезеңдік жарыстардың бірі өтіп жатыр. Шілденің 25-і басталған бұл жарыс жексенбі күні аяқталады.

Онда ел намысын ерлер мен әйелдер арасында Алексей Сидоренко мен Александр Дьяченко және Ирина Цимбалова мен Татьяна Машкова қорғап жатыр. Ирина мен Татьяна дәрежелік сындағы алғашқы ойында сүрініп, канадалық Элизабет Малоней пен Хизер Банслейге 0:2 (19:21, 16:21) есебімен есе жіберді. Қыздардың есесін ерлер сайысында Алексей мен Александр қайтарды. Олар Кристиан Редманн мен Бен Сакстонды 2:0 (21:17, 21:14) ойсырата ұтты. Ал екінші ойында голландиялық Даан Спийкерс пен Эмиль Боэрсманы 2:0 (21:16, 21:17) қапы қалдырды. Соның нәтижесінде енді олар жарыстың негізгі кестесінде «Р» тобында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Бүгін алғашқы ойынын швециялық Патрик Хошер мен Джеффресон Беллагуардамен, ал ертең грузиялық Ренато Гомес пен Джорж Терцейромен күш сынасатын болады. Жалпы бұл байрақты бәсеке 31 шілдеге дейін созылмақ.