Жағдайы жақсы, аязға төзімді – Балқашқа әкелінген жолбарыстар қалай тіршілік етуде

Фото: Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанға Нидерландыдан жеткізілген жолбарыстардың алғашқы қысы қалай өтіп жатқанын айтып берді.

Министр еліміздің аумағындағы ең соңғы жабайы жолбарыс 1948 жылы тіркелгенін атап өтті.

– Тұран жолбарысы Ресейдегі Амур немесе Уссурий жолбарысының тұқымдасы болып келеді. Әлемде жолбарыстар Оңтүстік-Шығыс Азияны, Үндістан, Шри-Ланка, Непалды мекендейді, алайда дәл ресейлік Амур жолбарысы аязға төзімді келеді. Яғни аязға шыдамайды деген қауіп жоқ. Қазіргі уақытта олар вольерде тіршілік етуде, жағдайлары өте жақсы, салмақ қосқан, айына 1-2 рет жолбарыстың жағдайы жеке өзіме баяндалады, - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, тілшілер Қазақстандағы жолбарыстар қашан көбейетінін сұрады.

– Табиғатта олар 1,5-2 жыл сайын балалайды. Біз де шамамен 2025-2026 жылдары алғашқы аландарды қолға аламыз деп болжап отырмыз. Олар тағы 1,5-2 жыл бейімдеуден өтіп, табиғи ортаға жіберіледі, – деп жауап берді Экология министрі.

Айта кетейік, жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында Алматы облысында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты құрылды.

Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдары резерват аумағына 205 тоғай бұғысы әкелінді, 100-ден астам құлан көшірілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді.

Биыл күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. Ал 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарыс алып келу күтілуде.