«Жағымсыз жаңалықтарды шектеу қажет пе?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 11 маусым, бейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өз жұмысын бастады, деп жазады "Егемен Қазақстан" басылымы "Дін лидерлері тағатты әлем қалыптастыру жолында" атты мақалада.

«Дін лидерлері мен сая­си қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» тақы­рыбына арналған съезд жұмысына әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегация­мен қатар, халықаралық беделді ұйымдардың жетекшілері мен өкілдері, шетелдік және отандық саясаткерлер мен дін қайраткерлері қатысуда.

"Нұрсұлтан Назарбаев осының алдын­дағы съезден соңғы үш жыл ішінде әлем жұртшылығы адамдар арасына діни әркелкілік арқылы іріткі салудың жаңа әрекеттеріне тап келіп отырғанына назар аударды. Әскери және ішкі қақтығыстар көбейді, оған қатысушылар адамдардың діни ұстанымын белсенді пайдалануда. Бізді осындай қақтығыстардың бірі - мұ­сыл­мандардың ең басты киесі, Ислам әлемінің бесігі - Мекке мен Мединеге жақын маңда - Иеменде тұтанғаны алаңдатпай тұ­ра алмайды. Бірқатар экстремистік топ­тардың іс-қимылдары түрлі конфессияны ұстанушылардың арасында жаулық тудырып, Азия мен Африкадағы көп қоғамды жікке бөлуде. Украинаның шығысында қалалар мен селоларды атқылау кезінде храмдардың бүлінгені туралы хабарлар да алаңдатады, деді Президент осы жөнінде. Мемлекет басшысы жаһандық лаң­кес­тіктен төнген қатер «ислам мемлекеті» деген акция түріндегі мейлінше қауіпті сатыға көшкенін атап өтті. Содырлар жал­ған діни көзқарас ықпалымен Ирак пен Сирияда мыңдаған жылдар бойғы өркениеттердің мәдени мұраларын әдейі қиратуда. Олар өзге дінді ұстанушыларды, журналистер мен еріктілерді жария түрде өлім жазасына кесудің сұмдық шараларын ұйымдастырып, интернет арқылы таратуда, деді Нұрсұлтан Назарбаев", - делiнген мақалада.

***

"Айқын" басылымының бүгiнгi санында "Самұрық-Қазынадағы" трансформация бағдарламасына арналған «Самұрық-Қазына»: Ілкімді үлгіні Үкімет те үйренетін болады" атты мақала жарияланды.

Трансформацияның басты мақсаты - қорда кең ауқымда өз­герістер жүргізу, пассивтік ак­ционер моделінен стратегиялық холдинг және белсенді инвестор үлгісіне көшу. Егер 2009-2013 жыл­дары ішкі жалпы өнімдегі инвестициялар үлесі 21,4 пайыз болса, 2018 жылға қарай оны 30 пайызға дейін ұлғайту көзделеді. Еңбек өнімділігінің қарқынын да бүгінгі 3,6 пайыздан 2015-2020 жылдары 6,5 пайызға жеткізу керек. Сондықтан 2014 жылы қыркүйекте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының дирек­торлар кеңесі холдингтің мемле­кет берген активтердің әкімшісі ретіндегі қолданыстағы жұмыс моделінен белсенді инвес­тор рө­ліне өту үшін Трансфор­мациялау бағдарламасын мақұл­дапты.

- Жаңа жүйенің енгізілгеніне көп болмаса да оның компанияға әсері қазірден-ақ керемет бай­қалуда - дейді қор басшысы Өмірзақ Шөкеев. - «Азия жолбарысы» атанған Малайзияда бастапқыда бұл тәсіл ұлттық компанияларда қолданылған. Ал кейіннен ол тамаша табыстарға қол жеткізгеннен кейін көп ойланбастан министрліктерге де енгізілген. Трансформация үкі­меттік жүйеде де өзінің тиімділігін көрсеткен соң тіптен жеке сек­торға да осы басқару ережесі енгізіліпті. Міне, Малайзия эко­номикасының табысқа жетуі­нің бір құпиясы осы. Жалпы, ком­панияны басқару, қызметкерлерді бағалау сынды жаңа тәсілдер «Са­мұрықта» сәтті өтсе мемлекеттік қызметке де енгізілуі мүмкін. Өйт­кені оның артықшылықтары көп. Мәселен, компанияда ірік­теудің тың жүйесі енгізілген соң босаған 16 орынға 1500 үміткер тіркелді. Осылардың ішінен ақыл­ды, талантты, өте іскер ма­мандарды ғана таңдап алдық. Жалпы, 350 мың адам жұмыс істейтін 600-дей ірілі-ұсақты компанияны басқаратын Қордың бас кеңсесінде 150-ақ адам жұмыс істейді. Енді енгізілген жаңалыққа орай қызметкерлердің қанша­лықты өнімді еңбек атқарған­дығын шетелдік арнайы компа­ния бағалайды".

"Қысқасы, 91 млрд доллар ка­питалы бар, 350 мың адам еңбек ететін ең алып «Самұрық-Қазы­нада» тың реформа басталған­дық­тан оның нәтижесін күте­тін­дер көп. Егер өзгеріс оң си­патта өрбісе, жоғарыда айтқаны­мыздай ілкімді үлгіні Үкімет те үйренетін болады", - делiнген мақалада.

"Айқын" басылымы "Жағымсыз жаңалықтарды шектеу қажет пе?" атты мақалада телеарналардағы жаңалықтардың этикалық нормаға сай еместiгiн алға тартуда.

"Эмоцияға, негативке толы жаңалықтар бүгінгі арналардың негізгі контентіне айналғандай. Бұл жаңалықтар кейде өзіңді біреу келіп алқымыңнан қысқандай күйге түсіретіні де рас. Тіпті кейбір арналар ғаламторда өріп жүрген әуесқой түсірілімдерді де, адамды жирендіретін ақпараттардың әр деталін көрсетіп, суреттеп береді. Жаңалықтардың сұрқы осындай болса, балаға қалай «жаңалық тыңда» демекпіз? Әсіресе, кешкі астың басында бала-шағамен отырып қараудың өзі қиын. Бұл, жаңалық беру тәртібін белден басу емес пе? Телевидениедегі этикалық норма қаншалықты сақталып отыр? Тәрбие тізгінін босатып жіберген жоқпыз ба?", - деп сауал тастайды мақала авторы.

"Бала кезімізде әкем: «мультфильмдер ғана қарай бермей, бір мезгіл жаңалықтар тыңдасаңдаршы» дейтін. Бірақ қазір балаларға бұлай деп айтуға аузың бармайды. Педофилдерді, суицидке барғандарды, зорлық-зомбылық жасап жатқандарды, тіпті көшеде көпшіліктің көзінше жыныстық қатынасқа түскен ессіздерді де көгілдір экраннан жар сала жариялап жатқанда, енді қалыптасып келе жатқан балаға «жаңалық тыңда» деп қалай айтасың?", - делiнген аталған материалда.

***

1 қыркүйектен бастап мектеп оқушылары түскi ассыз қалуы ықтимал, деп жазады ресми тiлде жарияланатын "Экспресс К" газетi.

"Мектеп асханаларындағы бағалар шарықтап кететiнi соншалық, ол тiптi орташа табысты отбасылар үшiн де қолжетiмдi болмайды. Алдын ала мәлiметтер бойынша, асханада бiр рет тамақтану 2 мың теңгеге түседi. Ол порциялардың көбейетiндiгiмен емес, астың сапасы жоғары бола түсетiндiгiмен байланысты. Мектеп асханаларында ресторандық бағалардың орнауына аренда құнын 900 пайызға өсiрiп жiберген Ұлттық экономика министрлiгiнiң бұйрығы себеп болып отыр", - делiнедi "Аппетит уходит во время еды" атты мақалада.

"Аренда құнын бiрден тоғыз есе өсiру бiздiң шығаратын өнiмнiң өзiндiк құнына да қатты әсер етедi", - дейдi мектептегi асханалардың бiрiн жалға алып отырған Гүлнәр Мамаева. "Бiз бұрынғы бағаларды ұстап тұра алмаймыз. Мектептегi астың құны ресторандағыдай болады".

Аспаздардың айтуынша, мектеп асханасының арендасы орташа есеппен 50 мың теңге болған, ал бiр астың құны шамамен 300 теңге болатын. Ендi асхананы жалдау үшiн олар ай сайын жарты миллион теңгедей ақша шығындаулары керек. Оның үстiне сапалы азық-түлiк сатып алу керек және жұмысшыларға жалақы төлеу қажет.

"Менiң мектебiмде арендаторлар мұндай шығынды көтере алмайды. Түптiң түбiнде кетiп тынады", - дейдi № 48 мектептiң директоры Ирина Смирнова.

"Әрине, шығындарды ақтау үшiн бағалар өсiруге болады. Бiрақ мұндай қымбат асханаға кiм барады? Балалар дүңгіршектердегi неден жасалғаны түсiнiксiз хот-догтар мен тiскебасарлармен талғажу ететiн болады".