Жаһандану дәуірі салмақты жауапкершілік жүктейді - Жастар ресурстық орталығының директоры

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі жаһандану дәуірі жастардың бойына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұндай пікірді Алматы облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Жандос Бауыржанұлы білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының қатысуымен өткен форумда сан салада өзінің талантымен танылған жалынды жастардың көтерген мәселелері, ұсыныстары мен ақеділ ниеттері ерекше әсерге бөледі. Бүгінгі жаһандану дәуірі жастардың бойына үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да әрбір қазақстандық азамат өзінің жалынды шағында ел үшін игілікті іс тындырып, Отанының гүлденуі, өз кәсібінің жандануы жолында тынбай еңбектенуі тиіс. Бұл орайда форум барысында сөз алған әрбір жастың бойынан біз атап өткен дүниелерді көріп, олардың рухты сөздерінен қуат алып, болашақ жолында аянбай еңбек етерін аңғардық», - дейді ол.

Орталық директорының айтуынша, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Мерей Қарттың жас қаламгерлерге қолдау сұраған лебізі жастардың көңілін көкжиекпен астастырғандай болды.

«Ол қасиетті қаламның қуатымен тарих қатпарында қалған ұлы оқиғаларды қайта тірілтіп жүрген барша жазарман қауымның атынан ниет білдіріп, әлемге қазақ жазушыларын таныту жолында жас қаламгерлердің академиясын ашу туралы ұсынысын жеткізді. Сөз соңында рух жанитын жыр жолдарын паш етті. Әдебиетпен жаны егіз халықтың өкілі ретінде жалындаған жастардың қазақ тарихы мен өткенін тірілтуге зор үлес қосарына сенімдіміз. Сонымен қатар, сан салада толайым табысқа жеткен жастардың ертеңгі күні ел көшін өрге сүйрер бір-бір қайраткерге айналарына да шек келтірмедік», - деді Жандос Бауыржанұлы.

Ол форум барысында көтерілген әрбір мәселе мен ұсыныстар ел игілігі үшін екенін атап өтті.

«Сондықтан да ғылым мен білім, экономика мен сан саланың дамып, еліміздің озық өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылуы үшін жастардың атқаруға тиіс жұмыстары жетерлік. Бұл тұрғыда Елбасы: «Әркім өз мамандығы бойынша еңбек етіп, соның түбіне жетіп, елге жемісін көрсетуі керек. Әртүрлі бағытқа бір бара берудің қажеті жоқ. Өзің қалаған саланың саңлағы болуыңды ғана мығым мақсат етуге тырыс», - деген сарында айтқан парасатты пайымы ерекше әсер етті. Сондықтан да барша жалынды жандар үшін биылғы жыл берекелі, табысты болатынына сеніміміз кәміл», - деді Алматы облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры.

Еске салайық, кеше, 23 қаңтар күні Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Айта кетсек, Президент Қазақстан халқына өткен жылғы Жолдауында 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Арада бір айдан астам уақыт өткеннен кейін Елбасы Жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы болып ресми түрде жарияланды.