«Саясат пен дін - бұл тарих. Біздің тарихымызда саясат пен діннің динамикасы ауқымды, драматикалық жарқын сәттерді тудырғанын да білеміз. Дегенмен, осының бәрі тарих ретінде ғана қалып отыр. Бүгін біз сол тарих сабақтарын еске ала отырып, перспективада бейбітшілікті қамтамасыз етудің жолдарын қарастыруға тиіспіз», - деді М.А.Моратинос. Экс-министрдің айтуынша, жаһандану дәуірінде бірегейлік сақталуы керек, дін мен сенім - бұлар бірегейлік элементі. «Біз, саясат адамдары бейбітшілік мақсатында көп нәрседе жетістікке жеткен емеспіз. Дегенмен, осыдан 5-10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, қазір біршама оң тенденциялар баршылық. Дегенмен, осы бағыттағы жұмыс табандап қалмауы керек. Сол себепті мен Астанадағы конференция төтенше маңызды деп санаймын. Бұл форумның секцияларында түрлі идеялар ортаға салынды, қаперде болуы тиіс нақты ұсыныстар айтылды», - дей келе экс-министр съезд жұмысы бойынша бірқатар ұсыныстарын да алға тартты. «Біріншіден, біздің барлығымыз бірауыздан бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық үшін жұмыс істеудеміз. Мен кешелі бері бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің қамтылуына ұмтылатын пікірлерді, пайымдарды естіп отырмын. Екіншіден, сөйлеушілердің барлығы, мейлі, олар католик, христиан, ислам дінін ұстанушылар болсын, терроризм мен экстремизмді сынап жатыр. Үшіншіден, дінді саяси мақсатта пайдалануды сынадық. Төртіншіден, біз диалог принциптеріне, толеранттылыққа қатысты бірқатар қағидаттарды қолдап отырмыз. Мақсатымызға жету жолында біз, мінеки, ең алдымен осы бағытты тереңдетуге тиіспіз», - деді Моратинос.