Жаһандану дәуірінде ұлт болып қалу үшін ұлттық кодты сақтаудың маңызы зор - Қайрат Мәми

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми бүгін еліміздегі зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, ұлтымызды рухани жаңғырту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Келелі жиында сөйлеген сөзінде ол: «Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы дамыту жолдарын ұсынды және рухани жаңғырудың ең басты шарты - ұлттық кодты сақтау қажеттігін атап көрсетті. Расында, қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық кодымызды сақтаудың маңызы зор. Біз жат идеологиялардың ықпалына өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы төтеп бере аламыз. Сондықтан да біз халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін бүгінгі заманмен үйлестіре отырып, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуіміз қажет», - деді.

 «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар: Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деген Елбасы сөзінде терең мән бар екендігін айта келе Қайрат Мәми: «Біртұтас ұлт болып ұйысып отырған қазақстандықтардың берекесі мен бірлігінің негізі - қазақ ұлтының болмыс-бітімінде. Соның ішінде халқымыздың сан ғасырлық салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының орны ерекше. Сондықтан да біз билерден қалған әділ билік айту дәстүрін жаңғыртуымыз қажет.

Ұлттық салт-дәстүрін ерте заманнан-ақ сана-түйсігімен бойына сіңіріп, оны ұлт кодына айналдыра білген елміз. Осы орайда Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың: «Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе - үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей» деген сөзін бүгінгі заңгерлер білгені жөн», - деді.