«Әлемде коронавирустың қорқыныштарынан қалпына келтіруге уақыт болмады. Өйткені басқа пандемиялар мен апаттар қаптап кетті. Бұл табиғи, саяси және «экономикалық» апаттарды адам өзімшілдігінің кесірінен өз қолымен жасап алды. Ол апаттар адамдарды теңселтіп тастады. Қасиетті Құранда бұл екі құбылыс пен олардың салдары туралы осыдан шамамен 15 ғасыр бұрын айтылған. Қасиетті кітапта адамның жер бетіндегі істердің бәріне килігуі туралы айтылған», - деді Ахмед әл-Тайеб Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының VII съезінде.
Дін көшбасшысы бұл сөзіне мысал да келтірді. «Біздің ойымызша, адамзат жаһандық жылыну, орман өрттері, қалаларды су басу және сел жүру қаупі, кейбір өзендердің тартылуы, көптеген тірі тіршілік иелерінің қырылуы сияқты табиғат пен климаттың күтпеген өзгерістерінен қорқыныш пен үрей сезініп жатқанын көзіміз көріп отыр. Бұл апаттарды адам өзінің пиғылынан, салғырттығы және басқаларға немқұрайлы қарауынан туындатқанын ұмытпауымыз керек», - деді имам.
Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.
Діни форумға арнайы қонақ Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысуда.
Кеше кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съездің арнайы қонағы Рим Папасы Францискті елорда әуежайынан күтіп алды.
Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.
Кездесуде католик шіркеуінің басшысы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқанына жоғары баға беріп, Қазақстан Конституциясының наным-сенім бостандығының кепілі екенін атады.
Дін көшбасшысы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатысуда.
Фото: t.me/bort_01