Жаһандық дағдарыстың баршаға мәлім іргелі себептері әлі де жойылған жоқ - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - Жаһандық дағдарыстың баршаға мәлім іргелі себептері әлі де жойылған жоқ.

Бүгін VI Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференцияның салтанатты ашылуы барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

Сөз арасында Елбасы «G-global» аясында пікірталасқа шығарылған мәселелер бойынша көзқарасымен де бөліскен болатын. Бұл ретте Президент ең алдымен, дағдарысқа қарсы маңызды, тұжырымдамалы әдістерге тоқталды.

«Әлем соңғы жылдары өз басынан өткерген жайттардан сабақ алулары керек еді. Өздеріңіз қараңыздар, былтырғы жылдың соңына таман ғана әлем жұртшылығының басым бөлігі дерлік 21-ғасырдағы жаһанданған жалпыәлемдік дағдарысты тарихтың жабылған парағы деп есептеген болатын. Бұған көптеген қаржы институттары да сендірмек болды. Алайда, эйфория орын алмады. Кипрдегі қаржы жүйесінің құрдымға кетуі жалпыға ортақ экономикалық тұрақтылық дәуірінің жақындап қалғаны туралы әңгімеге сенімсіздік тудыруда», - деді Н. Назарбаев.

Бұл ретте Президент Кипр инцидентін жаһандық дағдарыспен байланыстыруды жоққа шығаратын бағалаулармен таныс екенін, алайда фактінің өзі бәрін айқындап тұрғанын атап өтті.

Елбасының пайымынша, тіпті қарапайым сарапшылардың өзі Кипр банктерінің проблемасы мен бұдан бес жыл бұрынғы америкалық ипотекалық агенттіктердің құлдыруы арасындағы ұқсастықтарды атап бере алады.

«Бұл, ең алдымен, қаржы көпіршіктерін қолдан үлкейту, жеңіл ақшаға деген ашкөздік және ұлттық қаржы институттарында тиісті жауапкершіліктің болмауы, жаһандық қаржы құрылымдарының әлсіздігі. Жаһандық дағдарыстың осы және басқа да іргелі себептері әлі де жойылған емес», - деді Н. Назарбаев.